Кім кінәлі?

Фельдшер ПлотниковФельдшер Плотников Ақмола аудандық денсаулық бөлімінің системасында жиырма алты жыл істейді. Плотников бүкіл Ақмола ауданының жұртшылығына белгілі, қадірлі адам. Бұл дәрежеге ол өзінің іскерлігімен, адал қызмет етуімен жеткен адам. Денсаулық майданының екпіндісі атанған адам. 1935 жылдың 17 ноябрінде Плотников өзінің өірінде болмаған бір уақиғаға ұшырады. Ақмола аудандық денсаулық бөлімінің меңгерушісі Михайловский Плотниковты қызметтен шығарып тастады.

— Себеп?

— Себеп сол, Плотников аудандық денсаулық бөлімінен көптен бері ала алмай келе жатқан еңбек ақысын (1933 жылдың бергі еңбек ақысы 4000 сомдай) қайта-қайта сұрап, Михайловскийдің мазасын алады. Михайловский бұған ашуланады, жатып кеп шамданады. Өйткені, «сезікті секірер» деген сияқты. Михайловскийдің бір жасырын сыры бар еді. Ол өзінің бухгалтері Зубовпен бірігіп алып, аудандық денсаулық бөлімін жымқырып жүруші еді. Сондықтан Плотниковтан сескенуші еді. «Осы құрғыр ақшасын сұрап соңымнан қалмады, тегі ұрлығымның шетін сезіп қалып, шек-қарнымды ақтарып жүрмесе игі еді. Сондықтан, осының өзін-өзімен әлек қылып қойсам, қайтер екен» дейтін. Ақыры ойлағанын істеді. Анау-мынау деп өтірік сылтау тауып, Плотниковты қызметтен шығарды да жыберді. Плотников ақшасын сұраса: «Бухгалтерия бірсыпыра ақша документтерін жоғалтып алыпты, так что сенің аласыңның бар-жоғы маған мәлімсіз», -дейді.

Уақиға осыдан басталады. Плотников енді аудандық прокурордың «мазасын» алады.

«Өзің не қылған мазасыз адамсың, арызыңды айттың, болды, нәтижесін күтіп, тыныш қана демалып жата бермейсің бе? Өндіріп берем беп айттым ғой. Прокурор екі айтпайтынын білмейсің бе?» деп соғады Ақмоланың аудандық прокуроры Плотников жолдасты.

Плотников 4-5 ай жұмыссыз болып, прокурор айтқандайын тыныш қана «демалып» жата берді. Бірақ 4-5 айдың ішінде үй ішінің барлық дүниесін сатып, ішіп-жеп қояды.

Бұл уақытта аудандық денсаулық бөлімінде тағы бір жаңа «уақиға» болып қалады: тергеу жүріп қалып Михайловский мен Зубовтың (бухгалтердің) ұрлығы ашылды. Михайловскийден партия билеті алынады да, Зубовпен екеуінің мойнына соттың құрығы түседі.

Аудандық денсаулық бөліміне Данилов деген жаңа бастық отырады, бухгалтер де жаңарады. Діңкесі құрып сары суға кеткендей болып жүрген Плотников жүгіріп жаңа бастыққа мұңын айтады.

-Жарайды, реттейін. Мен жаңа келген адам ғой, біраз орнығыңқырап алғанша тұра тұр,- дейді жаңа бастық.

Плотников үміттеніп жүре береді. Бірақ күнкөріс қиындыққа соғады. Сататын нәрсесі де қалған жоқ, бір өзіне қарап отырған алты жан бар, оның үстіне өзі науқасқа шалдығады, жарымжан болып қалады. Бірақ қайткенде де күнкөріс таппай болмайды.Амал жоқ, амбулаторияға бір жеңіл қызметке кіреді. Бұрын айына 500 сом алатын Плотников амбулаторияның беретін 100 сомына қанағат етеді. «Ақшамды өндіріп алсам, тұрмысымды жөндеп алармын» деген үмітте болады.

Сөйтіп жүргенде, аудандық денсаулық бөлімі тағы да бір «уақиғаға» ұшырайды. Жаңа бухгалтер қазына ақшасын қалтаға салып алып, аудандық бөлімінің былығы үстеле береді, ол халық көбейген сайын Плотниковтың үміті құрып барады. Өйткені, көп былықтың арасында Плотниковтың «уақиғасы» біржолата жоғалып кететін. Баяғы прокурордың уәдесі далада қалды.

«Прокурор екі айтпайды» деген өтірікке шықты.

— Уағдам уағда еді, бірақ… аудандық денсаулық бөлімінің былығы тым күшейіп кетті, тіпті, басым қатты. Қайта сіз маған көмектессеңіз қайтеді?- деді прокурор.

— Қандай көмек сұрайсыз?- деді Плотников.

— Менің жүгімді біраз жеңілтсеңіз, ісіңізді қайтып алсаңыз, басқа жерге айтып көрсеңіз,- деді «екі айтпайтын» пркурор.

Баяғы баяғы ма, Плотниковтың халі енді тіпі жаманға айналды. Қатын-баласы шулап, аш-жалаңаштық көрді. Бұл Плотниковқа ажалмен бірдей көрінді. Ашу, ыза Плотниковты билеп алды, Плотниковтың шаршаған денесі, ақыл-ойы кернеген ызаға төтеп бере алмады, Плотников өз өмірін үзуге бел байлап, у ішті. Әйтеуір дәрігерлердің жедел жәрдемі арқасында Плотников тірі қалды. Бірақ не керек, құр денесі қалғаны болмаса, ақылынан адасып кетті. Кешегі дәрігер Плотников, бүгінгі жынды атанды. Бұл уақиға жөнінде «Социалистік Қазақстан» газеті ертеде-ақ өзінің пікірін жазып,Ақмоланың аудандық прокурорынан жауап сұрап талап етіп еді. Бірақ Ақмоланың аудандық прокуроры оны елең қылмады, ежелгі қыңырлығын әлі жойған жоқ.

Плотниковтың және оның үй ішінің халі қазірде тіпті нашар. Ақшасын әлі алған жоқ. Жындандыруын жындандырғанмен, оны емдеуді, сауықтырып шығаруды ойлаған ешкім жоқ. Ақмоланың аудандық денсаулық бөлімі:

— Ондай ауруларды емдеуге бөлінген қаражатымыз жоқ,- деп маңына жолатпайды.

Уақиға осылай.

Бұған кім кінәлі? Біздіңше, Ақмоланың аудандық денсаулық бөлімінің оңбаған басшылары кінәлі, аудандық прокурор кінәлі. Ендеше, осылар совет азаматын осыншама қорлағаны үшін әлеумет алдында жауапқа тартылып, тиісті сыбағаларын алсын, Плотниковтың адал еңбегі толық өндірілсін, тез емделсін дейміз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.