Қойылым жайлы қос пікір
Театр – рухани азық алатын, қаланың шаршатып жіберген қозғалысын, проблемалық мәселелерді бірнеше сағатқа ұмыттырып, өнердің құдіретінен ләззат алып сергіп қалатын рухани орда. Өз басым, аптасына бір рет театрға барып, спектакль тамашалағанды қатты ұнатамын. Әртістердің талантына қайран қалып, актерлік шеберліктеріне тәнті болып, іштей риза болып отырамын.
Содан болар, өткен аптада «Ашына. Балкон. Өлік» атты спектаклінің премьерасын көруге қатты асықтым. Пьеса барысындағы оқиға Лондондағы қонақ үйдің № 13 бөлмесінде өрбиді. Уақыт пен орын, оқиға сынды үш бірлік заңдылығын сақтаған қойылым желісі төмендегідей.
Премьер-министрдің оң қолы парламенттегі пікірталасқа барудың орнына ашынасы – хатшы қызбен кездеседі. Ел ағасы деп танылып жүрген азамат № 13 бөлмені жалдайды. Ашынасымен бөлмедегі балконның тұсында өлікті тауып алады. Оқиғаның бұлайша күрт өзгеретінін ойламаса керек, осы тұрғыда сюжет дами түседі. Рэй Кунидің бұл туындысының түп атауы «Бассыздық» («Out of order») деп аталады. Аудармашы Қ.Төлеушін «Ашына. Балкон. Өлік» деп аударған екен. Бір айта кететіні, қарымды жазушы Кунидың бұл тырнақалды туындысы 1991 жылы үздік ағылшын комедиясы сыйлығымен марапатталған көрінеді. Араға 20 жыл салып, пьеса қазақша сөйлеп, Сәкен атындағы драматеатрда сахналанды.
Шынымды айтсам, сол спектакльден шығып, не күлерімді, не жыларымды білмедім. Рухани ләззат алып, демалып, сергіп қайтам деп ойлағанымды қайтейін! Масқара, ұят көріністерді тамашалап, мезі болып қайттым. Тіпті кей көрермен ұялғанынан кірер тесік таппай қалды. Тым артық, анайы көріністерді көрсетті. Көрермен арасында кәмелеттік жасқа толмаған, өрімдей жас балалар, оқушылар да болды. Хабарландыру ілгенде де «тек кәмелет жасқа толған көрермендер үшін» деп жазса, ешқандай кері пікір білдірмес едік. Бұл кімнен кеткен қателік? Біздің өзімізге тұрпайы, сондай тәрбиесіз, анайы көріністер психологиялық соққы берді. Ал көрермен арасындағы оқушы балалардың санасында не қалды?! Жастар – біздің болашағымыз дейміз. Өскелең ұрпақ сондай көріністерден кейін қандай пікірде қалды? С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры осындай масқара спектакльді не үшін сахналады?
Шыны керек, премьераның негізгі көрермені– жастар қауымы болды. Сондықтан, спектакльден соң жастардың пікірі екіге бөлініп, қызу таласқа ұласты. Осы орайда екі жақтың да пікірін тыңдап, премьераға қатысты ойларын білген едік.
«Ұлттық руханияттың қара шаңырағы деп үміт артып жүрген театрымыз тәлім мен тағылымның ошағы болудан қалып бара жатқандай…» деп бастады сөзін Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың студенті Ербол Сармурзин. Ол өз ойын былайша тарқатты:
«Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында өткен Р.Кунидің «Ашына. Балкон. Өлік» атты спектаклінің премьерасында болдым. Бұл қойылымның маған әуелде-ақ аты ұнамап еді. Көрдік. Қойылымның идеясында, актерлердің шеберліктерінде ешқандай мін жоқ. Айтар ойы зор пьеса, актерлер әдетінше өз образдарын тамаша сомдап шықты. Қазақ театрының әлемдік деңгейдегі пьесаны қоюлары қуантады. Жалпы, біздің театрдың репертуарында жастардың түсінігіне жақын, жаңа заманның спектакльдері өте көп. Бұл, әрине көп көңіліне медеу. Атап айтар болсам, Т.Ахтановтың «Күшік күйеуі» – жастардың ең таңдаулы спектаклі. Бірақ, қазақ актерлерінің жылтыраған сандарын, ішкиімдерін көрсетуі біздің ділімізге жат дүние. Театрдың эстетикалық, тәрбиелік мұраты қайда қалады? Қаланың күйкі тірлігінің күйбеңінен шаршап, бірер сағат демалу, рухани баю мақсатында баратын бірден бір орын – театр. Одан енді теледидардан күнде берілетін анайылықты көруіміз мені қатты қынжылтады. Көрермен залында бесіктен белі шықпаған бала да, ақ жаулықты әжелеріміз де отырды. Жас талғап жатқан театр жоқ. Сахнадағы тұрпайы көрініс берілгенде жанымда отырған ақсақалдан ұялып, кірерге тесік таппадым. Бәлкім мұны кәсіби мамандар модерн үлгісіндегі қойылым, жаңашылдыққа бейімділік, еуропалық деңгейге көтерілу дер. Бірақ жаңашылдыққа бейімделеміз деп, ұлттық менталитетімізді аяқ асты етіп, кері кетпесек игі. Базбіреулердің айтуынша, бұл спектакль Еуропаның, Американың, Ресейдің үлкен театрларында қойылып, әлемдік театр сыншыларының тарапынан оң баға алған «шедевр» де шығар. Жақсы, солай-ақ болсын. Қалай болғанда да, денесін, ішкиімін көрсетпек түгілі, шашын да өзге жұртқа көрсетуге жасқанған қазақ қыздарының ойнайтын рөлі емес! Оның үстіне біздің көрермен мұндай қойылым тамашалауға дайын да емес. Ақ сандарын жалтыратып қыздар шыққанда залдағы жастардың шулап, күлуі біздің көрермен өресінің мұны қабылдай алмайтындығын аңғартты. Жастар мұндай қойылымды жабайы таныммен қабылдайды. Автор идеясын беруде басқа жолдарды қарастыру керек секілді. Мәселен, қойылымның идеясын жеткізуде актерлердің жартылай жалаңаш болулары қажет емес сыңайлы. Егер мұндай пьесалар әлі де қойылатын болса, театр көрерменінен қол үзіп қалатындай. Премьера басталғанда залда ине шаншар жер болмай, көрермен партерге, балконға, қосымша қойылған орындықтарға сыймай, тұрып-ақ тамашалаған еді. Бірінші актіден кейінгі антракт арасында көпшілігі киімдерін алып, кетіп қалып жатуы – соның айқын дәлелі. Біздің болмысымыз бен тәрбиемізге, діліміз бен дінімізге жақын небір тамаша ұлттық, әлемдік туындылар жетерлік. Соларды неге қоймасқа? Бізге арзанқол қойылымдар емес, ұлттық рухты оятатын спектакльдер қажет! Біз әлі Еуропаға жалтақтау, соларға тәнті болу сынды кері қасиеттерден айырыла алмай келе жатырмыз. Аянышты-ақ. Біз Еуропадан емес, Еуропа бізден үйренсін! Батыстың боғын үйренгенше, Шығыстың шоғына қашан ден қояды екенбіз?» дейді.
Ал, Қарағанды «Болашақ» университетінің студенті Дулат Аманжол көрермен ретінде «Әлемге әйгілі драматург, белгілі комедиограф Рэй Кунидің осы комедиясы маған ерекше ұнады» деп өз ойын бастап кетті.
«Өйткені, «Ашына. Балкон. Өлік» («Out of order») спектаклі заманауи драматургияның классикасы ретінде танылып, комедия жанрының атышулы шедевріне айналғаны қашан?! Сонда Еуропа, Америка, Ресейдің ең ірі театрларының репертуарынан түспей келген аталмыш спектакль қазақ сахнасында неге көрсетілмеуі керек екен? Ағылшынның атақты комедиясы қазақ тілінде үн қатып, тұңғыш рет сахналанды. Еріксіз езу тартқызып, көрерменге күлкі сыйлады!
Анығын айтсақ, әлемдік театр өнерінде анайы, ұятсыз, көргенсіз, әдепсіз, пасық һәм тұрпайы деген түсінік болмайды. Өресі биік көрермен өрелі өнерді өзінше түсініп, пайымдап, қабылдай алады деп ойлаймын. Өйткені, жарқылдаған ойын-күлкі, динамика, пластика, амур, фарс, темп, ритм қазаққа жат емес! Мысалы, Лондонның отелінде болған оқиға Астананың мейманханасында қайталануы мүмкін емес деп кім айта алады? Сондықтан, менің ойымша, «болмысымызға жат анайы, әдепсіз спектакль… қайта Еуропа бізден үйренсін!» дегенге саятын провинциялық амбициялардан, консервативті принциптер мен арзан пафостан арылу қажет. «Қазақ көрермені комедияны тамашалауға дайын емес», «жастар қойылымды жабайы таныммен қабылдайды» деген ауылдық санадан көтеріліп, мегаполиске қарай бейімделуіміз керек сияқты! Әлемнің даңқты театр сыншылары тарапынан «Ашына. Балкон. Өлік» комедиясы «өз жанрындағы ең таза химиялық комедия» деген лайықты бағасын алғандай… Бұны әдепсіз сюжет емес, әлеуметтік сатира деп ұққан жөн. Сондықтан, көрермен ретінде, өркениетті елдердің мәдениет шаһарларында қойылған спектакльді Сәкеннің театрында көрсетілгенін толық құптаймын».
Мінеки, премьераны тамашалаған жастардың пікірі осыған саяды. Ал, «Ашына. Балкон. Өлік» комедиясы Сәкен Сейфуллин театрының репертуарынан түспей, осы маусым бойы көрсетіледі екен. Сонда бұл комедиядан не ұтпақпыз, неден ұтылмақпыз?! Осыған орай үнсіз отырған театр сыншылары не дер екен?! Спектакльді тамашалаған өзге қауым қандай ой қоспақ.
Аяжан КЕҢЕСБЕК