Көп оқып, үйреніп, жақсы жазайық

agagargКөркем әдебиет майданынан кейбір кедергілер арылған соң, біздің жас ақын, жазушыларымыздың өркендеп өсуіне қолайлы жағдайлардың барлығы да туды. Ендігі мақсат біздің жас жазушыларымыз өздеріне жасалған көп мүмкіндіктерді жете пайдалана отырып, біздің советтік әдебиетімізді көңілдегідей етіп өркендетуге барлық ынта-жігерлерін сала қимылдауы керек. Ол үшін жақсы шығармалар жазу керек. Жасыратыны жоқ, біздің жастарымыздың оқу-үйрену жағы әлі де төмен жатыр. Кейбір жас ақын-жазушылар «бойында талантың болса оқымай-ақ та жақсы шығармалар жазуға болады» деген теріс пікірде жүргендігі де байқалады.
Біздің газетіміз бен журналдарымызға түсіп жатқан өлеңдердің бірқатарының сапасы өте нашар болуы, жас жазушыларымыздың жазған өлеңдері біріне-бірі өте ұқсас бола беруі, бір айтқанды қайталап берушілік, терең мағыналы, идеясы бар көркем шығармалар әлде болса аз болып отырғандығы жас ақын-жазушыларымыздың білім дәрежесінің кемістігінен.
Біздегі бір қалмай келе жатқан жаман әдет — қалай болса солай құрастырылған, аяғы үйлестірілген қара сөзді — өлең деушілік. Өлеңнің қасиеті — оның аяғының үйлесуінде емес, идеясында, мазмұнында, іші-сырты бірдей келген көркемдігінде екенін ұмытпау керек.
Әдебиеттің негізгі жанры — прозаны күшейту керек. Біздің жас жазушыларымыздың ішінде прозаиктеріміз өте аз-ақ. Әбишев Әлжаппар, Сланов Ғабдол, Омаров Сейтжан жолдастардан басқа жастарымыз проза жазуды ескермей келе жатыр. Бұл біздің үлкен кемшілігіміз, прозаның маңызын жете түсінбегеніміз болады.
Онан соң сын мәселесін күшейтпей болмайды. Біздің сынымыз тіпті артта қалып қойды. Осы әдебиет сынының кемістігінен біз бір кездері кейбіреудің сын көрмейтін құнсыз шығармаларын жете әшкерелей алған жоқ едік. Сол сынның нашарлығынан біз қазір де шығарманың сапасын көтеру жөнінде, кейбір жеке шығармалардың кемшілігін көрсетуде кешеуілдеп қалып отырмыз. Осы сыншы болар деп үміттенген жасымыздың бірі Ысмайылов Есмағамбет еді. Бірақ Есмағамбет соңғы кезде бұл үмітті ақтай алмай отыр, ол көптен бері әдебиет мәселесіне салақтау қарап жүр. Ендігі жерде сынды күшейтпей болмайды.

Қасым Аманжолов

«Қасым» порталы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.