… МЕН ЕМЕСПІН

Кеше маған бір ой келді.

Адамзат баласы, онда да аздап ақылы бар, ойлана алатын адам баласы ешқашан өзі өмір сүріп отырған қоғамға ырза болмайтын шығар, ә… Бәрі керемет болғанның өзінде, әйтеуір бірдеңесі ұнамай тұратыны рас қой. Қазақ сияқты тумысынан кінәмшіл, «көңіл шіркін бір атым насыбайдан қалады» деп өзін ақтап ала қоятын жұртқа қандай да қоғам «тәштәй» болуы екібастан мүмкін емес.
...МЕН ЕМЕСПІНСодан ба екен, арамыздан арыс­тандай ақырып біреу шыға қалса, «өй, заманынан кеш туған ғой, кешегі мық­тылармен замандас болуға тиіс еді» дейміз. Өзіміздің ол сияқты азуды айға білеп тұрып алаш баласының құнын сұрауға қабілетсіз, сөздің турасын ай­тайық, қорқақ екенімізді іштей ғана мойындаймыз. Әттеңі сол, арыстаны­мыз айға шауып мерт болса, я алкеу­десінен жарадар болса, іштей мүсіркеп, аяп, «өзін-өзі тауысты ғой» күңкілдеп, жұрт көзінше жақсы пікір айтып, әйтеуір тәуір кісі болып көрініп бағуға жанталасамыз. Іш жарықтық өзімен-өзі арпалысады келіп. «Соның орнында мен болмағаныма шүкір» дейді бір қыртысы. «Өз обалы өзіне» дейді екін­ші қыртыс. Үшіншісі әйелдің даусымен: «Бірі өліп, бірі қалсын, жұмысыңды істеп тыныш жүр, сенің бала-шағаңды ешкім бағып бермейді», – дейді қар­лығып. Төртіншісі: «Осы арыстанға қатысты қандай пікір айтқан жөн? Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтір­мей шығып кетсем… Сөйтіп, әкемнің де, жәкемнің де жалауын түсірмей жүре берсем», – дейді қыңсылап.
Қысқасы, «айға шапқан мен емес­пін» дегенге бір қыртысың қиналады, бір қыртысың шүкір айтады…
Шындығында, бәріміз аянышты адамдармыз ғой… Сыртқы түкті қам­пай­тып көрсететін бөріміз бәріміз. Бі­рақ бөрінің тектілігі бәрібір көзге ұрып тұрады. Ал біз тектілік туралы термеле­генде ғана тілімізден бал тамады.
Осы күні жұрттың бәрі журналист. Жүрген жерінде ақпарат таратқыш. Әсіресе, соңғы 4-5 жылда әлеуметтік желілер өмірімізге дендеп енгелі – бәріміз көсембіз де шешенбіз. Ойпыр­май, ақыл айтқанда түбін түсіреміз. Әуелі суретімізді салып қызықтап едік, енді ақыл айтудан басқа шаруа қал­мады. Отырып аламыз да, айналамыз­дағы кіл ақымақтар мен жолы болма­ған­дарға өмір сүрудің тәсілдерін төгіл­теміз келіп. «Ай, ақылыңды ба­сыңа езіп жақ» дегендер дереу банға кетеді. Міне, осынша кемеңгер жұртта соңғы кезде жаңа бір мінез пайда болды. Бұл, сірә, ақыл айтудан да шаршағандардан шыққан болу керек.
Ол – «әйтеуір мен емес» деген мінез. 
Бар-жоғы он жыл бұрын қазақ газеттерінде өмір жайлы, қоғам жайлы, айнала жайлы азды-кем толғаныстар шығып тұратын-ды. Жұрт тірліктен шаршаған уақытта соны оқып, қосы­латын жеріне қосылып, қосылмайтын тұсына пікір айтып, әйтеуір тамырдағы қан туламаса да бүлкілдеп жататын. Бұрынырақтағы бір тойда журналиске қарапайым оқырман осындай жазбала­ры үшін үлкен алғыс айтқанын да көр­дік. Бірақ соңғы жылдары мұндай үрдіс мүлде жоғалды. Қазақ тек әлеуметтік желіде толғанатын болып алды. Онда да бұрынғыдай мөлдіреп тұрған, оқуға шақыратын, ең бастысы, адамның жанын тебірентіп, ішін қозғайтын толғаныстар болса жақсы ғой.
Қазіргі толғаныстар налаға толы. 
Көшіріп бассақ, талайдың көзін шұқы­ған боламыз. Оның үстіне, өзіміз­дің де су ішіп жүрген астауымыз. Оның үстіне, өзіміз де «мен емеспін» мінезі­нің бірден-бір талантты иесіміз. Сон­дықтан қазіргі толғаныстардың но­байын ғана келтіргеніміз дұрыс болар…
–    Осы күнгі адамдар қызық. Өз­де­рі ешкімді жақтырмайды, бірақ түк бітірмейді. Бір ағамды зор тұтып жүретін едім. Өткен жолы ел ортаға салған мәселеде ләм деп тіл қатпай, аңы­сын аңдып жатып алды ғой. Парақ­шасына күнде, тіпті сағат сайын кіріп қарап жүрдім. Мына қоғамда өмір сүрмейтіндей тым-тырыс отырды да қойды. Сол мәселе оң шешіліп еді, әй, төгілтті келіп. Оған деген құрметім ортайып-ақ қалды. Бірақ іштей бәрібір жамандыққа қимайды екенсің,– дейді бір желіші.
Отырып аласыз да, бас қатырасыз келіп. Ол кім болды екен, а? «Мені ай­тып отырған жоқ па?» деп айналаңызға қуыстана қарап алып, әуелі өз парақ­шаңызды ақтарып шығасыз. «Сезікті секірер». Жо-оқ, мына тұста тұспалдап болса да бұл мәселені айтып өтіппіз ғой. Мына жерде жап-жақсы пікірлерге лайкты аямаппыз! Тү-үу, мына постты уақтылы бөлісіп кеп жібергеніміз қан­дай жақсы болған! Өзіміз ештеңе жаз­басақ та, жұртпен бірге екенімізді емеуріндеп отырғанымызды мына халқым неге түсінбейді?
Осылай өзімізді-өзіміз ақтау акциясы, өзімізге-өзіміз адвокат болу акциясы бірер минутқа созылады да, бақытты финалмен аяқталады. Демек, мына постта сын садағы бағытталған адам «мен емес»! Сонда кім болды екен-ей? Білгіңіз кеп өліп бара жата­сыз. Бірақ бас салып сұрайын десеңіз, ұяттау. Ақыры, ішіңіз әуестіктен жарылардай болып отырса да ақырын күтесіз. Өйткені әлеуметтік желінің бір ғажап қасиеті бар – өз қотырын өзі қасып, бетін ашып береді. Тек сабырлы бола білгеніңіз жөн. Айналасы екі-үш минутта әлгі посттың астына пікірлер қаптайды. Арасында біреуінен ақиқат жарықтық сопаң етіп шыға келіп, көзіңізді ашып кеп жібереді.
– У-уһ! – дейсіз маңдайдан сор­ға­лаған терді сүртіп тұрып. – Мен емес екенмін ғой…
– Сіздің иттігіңізді бұрын білмейтін едім. Мейлі, жасай беріңіз. Ең бастысы, сіз туралы енді біліп жүремін. Біреудің қолымен от көсеудің шебері болып алыпсыз, қайырын берсін!.. Көрген жерде қол берермін, бірақ қарсы ал­дыңызда иттігіңізді бес саусақтай білетін, сөйтіп, сізден қатты қауіп­тене­тін адам тұрғанын ұға беріңіз! Өмір сабағы деген ғажап екен ғой… – деп атойлайды бір батыр.
Мұнысы кім тағы? Пост қалдырған адам, былайынша, жаман адам емес. Қақ-соқпен ісі жоқ, көрген жерде сәле­мі түзу, ақырын жүріп, анық басатын жан болуы мүмкін. Бірақ оны сонша аһ ұрғызған кім? Сонша таусылтқан кім? Ә-әй, жазатынын ашық жазып, адам­ның ойын сан саққа жүгіртпей, ақиқа­тын айтпай ма?!
Әйтеуір, «мен емес». Постшының көңілін қалдырған жеріміз жоқ. Ол қызметін ауыстырғанда жұрт қатарлы құттықтағанбыз. Жаңа кітабы шық­қанда пост арнағанбыз. Туған күнінде құттықтап па едік, ақтарып жіберейік­ші. Пәлі, төгілтіп-ақ жазыппыз ғой!
Осылайша қауіп бұлтын Тазша баланың құрығымен олай бір, былай бір қуалап сейілтіп, маңдайдан шыпыл­дай кеткен терді сүртіп, тағы да «финал­дық ысқырықты» күтуге мәжбүрміз. Бірақ посттың астына кім қанша пікір қалдырса да, ақиқат жарықтықтың құлақ ұшын көрсетпей діңкелететін әдеті де бар. Ондайда бәрібір білгіңіз келіп, жұрт әңгімесіне құлақ түріп, сөз арасында байқатпай сұрап, білгенше төзім қалмайды.
Аянышты адамдармыз ғой біз…
Адамдарының бәрі осылай «сүттен ақ, судан таза» қоғамда, «мен емес» дейтін қоғамда неге нала көп ендеше? Неге бір-біріміздің басымызға жуынды төгіп алып, «мен емес» деп мүләйімсіп тұрамыз біз? Пәк жаратылған, кінә мен күнәдан ада адам болсақ, неге жұмбақ­тап, астарлап кір ақтарамыз? Демек, былғанышпыз. Сөйтіп, жұрттың бәрі өзіміздей «пәк» болмағасын, мына қоғамға өгей екенімізді біз нала етпей, кім нала етпек? 
Бір ойым айтады: адамзат жарал­ғалы осылай! Заманға, қоғамға сыймау деген – былайша айтқанда, аса жаман қасиет те емес. Ол – сіздің жаныңызда жаңалық пен өзгеріске ұмтылыс бар деген сөз. Сіз қоғамның іріп-шіріген, жарасының беті ашылған, қоясы ақтарылған қалпына бей-жай қарап тұра алмайсыз. Демек, сіз жақсылықты аңсайсыз, жұрттың бәрі жақсы жолмен жүргенін, сөйтіп, шуақты та бақытты қоғам орнағанын қалайсыз.
Бірақ адамзаттың басты қателігі де сол – бәрін «мен емес» деген мінезбен істейді. Қоғамды түзететін мен емес, менде ондай құдірет қайдан болсын?! Кім ондай билік беріпті? Қолында билігі, аузында бұйрығы барлар істесін! Біз соның қызығын көрейік! Міне, осындай мінезден, мінез тудырған әре­кеттен соң көңілге нала ғана ұя салмай қайтеді? «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» болып, ойды да, қырды да сөзбен жайғап, өзі періште қалыппен күллі дүниеге жарылқай қарап жатқанында, қой үстіне бозторғайды біреу жұмырт­қалатып берер ме?
Өмір біз ойлағаннан да қиын болып шыққанын қара! Өмір формуласы Пи­фагор теоремасындағыдай а2+в2=с2 ­болса, онда шешімі де оңай болар еді ғой…
Демек, бізге ой берілген, сана берілген. Бірақ оның бәрі жігермен я намыспен қапталмаса, «мен емеспін» формуласымен ғана өмір жарықтық алға жылжи бермек. Біреудің істеуге әрекет қылғанын сынаумен уақытты оздырып, өзіміз төр алдында шалжайып жатып, қоғамды жақтырмай жүрейік те, аман болайық…

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
Дереккөз: «Айқын» газеті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.