Шұғыла БАЙМҰХАН «Жыр жанартауы», «Қасым бұлақ»

10 ноября 2020

БАЙМҰХАН Шұғыла

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті филология факультеті «журналистика» мамандығының 1 курс студенті. Қалалық, облыстық, республикалық жыр мүшәйраларына қатысып, жүлдегер атанып жүрген жас ақын

 

Жыр жанартауы

Өртке тиген дауылдай өр Қасымның,

Ей, ұрпағы, өлеңінің көр асылын.

Сөредегі Қасымды есіме алып,

Буырқана, бұлқына мен тасыдым.

 

Қайраткері қазақтың, бар Алаштың,

Халқыңның тірлігіне араластың.

Жалын жырдың иесі хас Қасымға,

Бір өлең мен арнамай қала алмаспын.

 

Сізді де қажытты ғой күйбең тірлік,

Сонда да ұраныңыз: Алға!  Бірлік!

Қазақтың Қасымының қайыспасын,

Өткір тіл мен өшпейтін сөзден білдік.

 

Әлемде бар ғой қымбат көп асыл тас,

Алайда, олар сізге жете қоймас.

Сөзі-жыр, лебізі-күй, ер Қасымға,

Әлемнің бар байлығы теңеу болмас.

 

Бердің ғой өлең жасап өміріңнен,

Орын алдың әр қазақтың жүргінен.

Әсте сен үзбегенсің үмітіңді,

Жаңғыртып жер сарайын келер күннен.

 

Ізбасарың мен болам ақын аға,

Ағам барда мендегі тік қой жаға.

Өзіңнен үлгі алып, өлең жаздым,

Күніне жүз ойланып, мың толғана.

 

************************

 

Қасым бұлақ

Тамшысынан өлеңнің басын құрап,

Жарқ етіп, сәуле берді ғажап шуақ.

Оңаша от шайнаған кездерімде,

Кеудеме кеп құйылды Қасым бұлақ.

 

Дауыл соққан сәттерде нөсер жылап,

Сағыныштан Сарыарқа өлең құрап.

Жаңғыртып жер сарайын біз келгенде,

Көрпесін жатты ақын қырда қымтап.

 

Ұмытпадым биік қойдым шоқтығыңды,

Жырларың сездірмеді жоқтығыңды.

Тағдырыңа өлеңмен өзің жазған,

Ой жіберсем кеудеме кеп жас тығылды.

 

Жырыңның құпиясын ұққандаймын,

Шөліркеп бұлақ нәрін жұтқандаймын.

Топырағыңа туған жер, ізім түссе,

Шыңына Хан Тәңірдің шыққандаймын.

 

Қайран ел  туған жерден көшпейді де,

Өкінбе от өлеңің өшпейді де.

Бетіне қан жүгіртіп қара тастың,

Қасқайтып , қара өлеңнің мөрін бастың.


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика