Трамвайдағы тіл дауы

Трамвайдағы тіл дауыСтуденттік шақ. Екінші курс оқимыз. Бір күні жатақханада курстас жігіттермен жиналып отырғанда өз арамызда қазақша сөйлеп, басқалардан да талап ететін болып шештік.
Бір күні трамвайда келе жатырмыз. Өз аялдамамызға келгенде түсейін десек, кондуктор:
— За проезд, — дейді.
— Түсінбедім.
— За проезд оплатите! — деді ол қайтадан.
— Сіздің сөзіңізді мен түсінген жоқпын, — дедім мен де нығырлай.
— Оплатите за проезд. Пока не оплатишь, мы не поедем, — деп трамвайды тоқтатып қойды.
— Інішек, саған ақша төле деп жатыр ғой. Орысша түсінбейтін мәмбетсің ба не? Қазақтың жігіттері осылай ауылдан келгенін өздері білдіріп қояды ғой. Қай ауылдың баласы едің?
— Апай, керек десеңіз мен ағылшынша сөйлеп берем. Іt’s none of your business. Өзіңіз қай ауылдан боласыз? — дедім мен. Түсіне алмай қалғаны ол кісінің көзі жыпылық еткенінен белгілі болды.
Тағы бір кісі қазақ болса да өктем сөйлеп: «щас я за шиворот возьму и выкину» деп күш көрсетуге ыңғайланып келе жатыр еді, мен дзюдодан спорт шебері екенімді білдіріп, өз-өзіме тұра алатынымды көрсеттім. «Мынау қайтеді?» деп міңгірлеген ол жым болды.
Гоголь-Байтұрсыновтан Құрманғазы-Жароков көшесіне дейін он минутта келген трамвай біздің аялдамада он бес минутқа тоқтап қалды. Трамвай іші у-шу. Жанымдағы жігіттер «Арман, қайтесің оны. Арты дауға ұласпай тұрғанда кеттік» десе де көнбеймін. Апалар мен аталар, басқа да жолаушылар ренжіп жатыр.
— За проезд!!!
— Балам, жұмыстан шаршап келе жатқанда, сен де қазақшаңмен… Қоя салшы. Мен-ақ төлейін жолыңа, -десіп жатты біреулер.
— Дұрыс! Осылай қазақша сөйлеп тұрмасаң бұлар басқа шығады, — деп өздерінше қолдау білдіргендер болды.
— Че за безобразие! — деп маған наразылығын білдіріп жатқадар да табылды.
Осылайша кішкентай бір трамавайдың іші екі жаққа бөлініп, ұлтаралық шиеленіс алаңына айналып кете жаздады. Алайда менің позициям нық. Себебі мемлекеттік тілді талап етуіме толық құқым бар. Осыны айтып, кондукторға заң жағына жетік екенімді ұқтырдым.
— Кондуктор ханым, қазақша түсінесіз ғой. Неге сөйлемейсіз? — деген соңғы сөзім қамшы болса керек, бір кезде ол да ышқына:
— АҚША БЕР! — деп айқай салды. Менің позициямды қолдап тұрған кісілердің бәрі бір ауыздан:
— Бәсе, бағанадан өсти салсаң нең кетеді?! — деп шулай жөнелді.
— О, міне. Енді жөн, — дедім де, костюмымның түймесін ағытып, төс қалтама қолымды салып, маған қарап тұрған елдерге көзімді бір тастадым  да әмиянымды шығарып… «Проездной» деп билетімді бетіне апарып көрсеттім. Мұны көрген кондукторда үн жоқ. Мәңгіргендей маған бір, билетіме екі қарайды.
Ал екі топқа бөлінген жолаушыларда үн жоқ. Не күлерін, не ашуланарын білмей отырды да қалды. Олардың қандай күйде болып, қандай сезімге түскенін сөзбен жеткізе алмаймын. Мені жақтағандар да, даттағандар да жым-жырт.
Тек осы сәтте жанымдағы жігіттер ғана іштері жарылардай қарқылдап күлкіге басты. Ал мен еңсемді тік ұстаған күйі трамвай есігінен шықтым да кеттім.

Арман БАЙҚАДАМ

Дереккөз: blogtime.kz 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.