Ұлы ақын туралы трагедия

820f4f738b7fЖазушы Мұхтар Әуезов пен Леонид Соболев «Абай» атты трагедияны жазып болды. Трагедияның қолжазбасы январьдің 2-сі күні, Қазақстан Жазушылар одағының басқармасында жазушылар жұртшылығына оқылды.

Трагедияның бірден өрістей жөнелген, шиыршық атып шиеленісіп берген күшті уақиғасы, сап алтындай жарқылдаған, дауылдай ұйытқыған, көңілді күйдей тербеткен жанды әлдилеген келелі сөз, көркем тілі, сол қилы бір уақиғаның ішінде. Шыңғыстың тауындай шоқтығы шығып тұрған ұлы ақын Абайдың бейнесі,- пьесаны тыңдаған жұрттың ой-пікірін айрандай ұйытты. Трагедияны тыңдаған жүрекке сол бір заманнан дат болып жұғып, шер болып байланған ескі қайғының қоламтасы қайта қозғандай, кейде тіпті көзімізге жас алып та отырдық. Міне, осының өзі трагедияның күшті шыққандығына айқын дәлел.

Трагедияның негізгі сюжеті былай: Абайдың 50 жасқа келген кезінде Абай шәкірттерінің ішінен жарқ етіп, бөлектеніп екі жас шығады. Бірі Айдар, бірі Керім. — Айдар талантты ақын, Керім шешен. Айдар «атасыз» кедей отпасынан шыққан, Керім аталы жердің ұлы Абайдың жақын інісі. Айдар Абайдың адал ұлындай болып кеткен адам. Керім Абаймен де, Айдармен де бір жағы бақталас, бір жағы Абай, Айдар бастаған прогрестік ой-пікір иелеріне қарсы, ұлтшыл интеллигенцияның образы. Бірақ Керімнің ондай екенін Абай да, Айдар да білмейді. Күндердің күнінде жесір жас әйел Ажарға Айдар үйленбек болады. Жесір иесі Ерден, Нарымбет деген жуандар Айдарды ұстап алып,байлап, сабап өлтірмек болып жатады.

Пьеса дәл осы арадан басталады.

Ақыры Абай келіп, Айдарды арашалап алады, жендеттердің жемтігі етпейді. Бұл уақиға Абай мен Ердендердің арасын бұрынғадан да ашып, ескі жарасын одан сайын ушықтырады. Ердендердің Абаймен араздасу себебі — Абайдың байларға, билерге қарсы болуы, халықты олардың улы шеңгелдерінен айыру үшін күресуі. Айдар, Ажар туралы биге жүгініседі. Ердендер жағының сөзін Жиренше би, Айдарлар жағының сөзін Абайдың тапсыруымен, Керім сөйлейді. Бірақ көңілінде қулығы бар Керім сөзден ұтылғансып, тізгінді Жиреншеге беріп қояды. Осы арада Абайдың өзі сөйлеп, Жиреншені сөзбен жеңеді. Төбе би Сырттан Айдар мен Ажарды өлімнен құтқаруға билік айтады.

Билікте жеңілген Ерден, Нарымбет, Жиреншелер енді Керіммен келіседі. Бәрі бірігіп Айдардың өміріне қақпан құрады, Керім Айдарға у береді. Айдар өледі. Бұл Абайдың жанына қатты батады. Көп кекшікпей оқымысты баласы Абдрахман көкірек ауруынан қайтыс болады. Қайғының қат-қабат түнегі төбесінен төнген Абай қатты күйзелумен құр сүлдерін сүйреп жүре береді.

Абайдың дұшпандары Абайдың қыр соңынан қалмайды. Болыс сайлауы басталады. Сайлауды жандарал кеңсесінде тілмәш болып істейтін Әзімхан, Керімбек бастайды. Нарымбетті болыстыққа ұсынады. Абай Нарымбеттің өте қара пейіл, жауыз екенін, халықты басқарудың орнына жем ететін құлқын құлы екенін әшкерелейді, ел басқара алатын адамды тауып сайлаңдар деп жұртты үгіттейді. Нарымбет, Ердендер Абайды аңдып ұрып, соққыға жығады. Халық Абайдың маңына жиналып, Нарымбет, Ердендердің мұнысына қатты наразылық білдіреді.

Айдарынан, Абдрахманынан айырылған, досы Долгополовты патша жандармдары басқа жерге жер аударғанына күйінген Абай күніреніп күнелтеді. Бірақ күйгелектікке, тарығушылыққа түспейді. Өйткені халыққа нанады, болашаққа нанады, халықтың өзін құрметтейтініне көзі жетеді. Күндердеің күнінде Абайдың Мағауия деген баласы қайтыс болады. Көп кешікпей Абайдың өзі де әлем қайғысын арқалап тірлік дүниесімен қош айтысып, қара жердің құшағына енеді.

Пьесада Абайдың Европаға, Батысқа құмартқаны, Европа, орыс мәдениетін ардақтайтыны, өзі солардан үйренетіні айқын көрсетіліп отырады.

Пьеседа Абай қазақ халқының ой-пікірін, әлеуметтік өмірін алға бастаған кемеңгер адам болып көрсетілген. Абайдың ұлы тұлғасы көрінеді.

Трагедия оқылып болғасын сөйлеген жолдастардың барлығы да «Абай» пьесасының өте құнды пьеса екенін, бұл біздің қазақ әдебиетінің тірі табысы екенін айытты. Сонымен қатар, трагедияның кейбір моменттері толық жетіле қоймағандығы, әлі де ұштай түсуді керек ететіндігі айтылады. Бірақ бұл пьесаның жалпы болмысына мін келтірерлік емес, шамалы түзетумен жетілетін ұсақ кемшіліктер. Мұны авторлар ескеретін болды.

«Абай» пьесасы біздің драматургиямыздың, әдебиетіміздің бір елеулі фактысы боларлық пьеса. Бұл шын мағынасындағы тргедия. Бұл трагедияның театр сахнасына тез шығуын жұршылығымыз құмарта күтіп отыр. Авторлар жоғарыда айтылған пікірлерді ескеріп, «Абай» пьесасын біржолата аяқтап шығуды тездетер дейміз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.