ҰЛЫДАН ҚАЛҒАН ЖАЛҒАСТЫҚ: АБАЙДЫҢ «ҚАРА СӨЗДЕРІ» МЕН ШЕРХАН МҰРТАЗАНЫҢ «БІР КЕМ ДҮНИЕСІНДЕГІ» ҰЛТТЫҚ САНА САБАҚТАСТЫҒЫ

28 октября 2020

 Гүлсімай Сайранбек
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті филология факультетінің 3 курс студенті


Өлді деуге бола ма айтыңдаршы

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған

Абай

Абайдың сыны, жеңіл мазақ емес, зілді ашу.

Х.Сүйіншәлиев

      Абайдың ащы сыны да қазақтың жон арқасында ойнаған сондай қамшы болатын.

Т.Шапай

Абай қазақтың екінші аты. Абай қалдырған даналық дәстүр кейінде жалғастығын тауып, оның ішіндегі тәуелсіздік алғаннан кейінгі жалпы дүниетаным, ұлттық көзқарастардың сабақтастығынан көреміз. Елбасының үндеуіндегі ұлттық бірегейді сақтау мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні — бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», -дейді[1].

Абайдың ақындық творчествосы – дәуірінің басты сұрақтарына жауап боларлық, қазақ өмірінің әрбір саласына толық тоқтайтын өрісі кең, мазмұны терең құнды творчество Абай шығармалары қамтымайтын өмір саласы кемде-кем. Негізінде Абай өмір шындығын дұрыс танып жырлаған реалист жазушы болды[2, 21б.] Жазушы дейтіні Абайдың жазған ғақлиялары десе қазір қарасөз. Ол туралы ЗәкиАхметов былай дейді: «Бұрын «ғақлия» деп аталып келген (38-сөз ғақлия тастихат делінген) Абай сөздерін кейінірек осы мағынада қарасөз деп атау дәстүрге айналды. Мұны Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» атты өлеңіндегі:

«Өзім де басқа шауып, төске өрледім,

                                              Қазаққа қарасөзге дес бермедім», — дейтінінен де аңғару қиын емес. Қарасөз бұл қолданыста ауызша айтылатын қазақ арасында кең тараған «шешендік сөз» деген мағына береді. Бірақ Абайдың қарасөздерін түгелдей дәстүрлі шешендік сөз үлгісінде құрмайды. Олардың кейбірі шешендік сөз үлгісінде ойы ұтымды, кейбірі қарапайым тілмен айтылған қоғамдық, адамгершілік мәселелер жайындағы әңгіме-сұхбат болып келеді, ал 27- сөзі Сократтың шәкірті Аритотель мен сұхбаты түрінде, 38 –сөзі діни трактат түрінде беріледі де, «Біраз сөз қазақтың қайдан шықққаны туралы» өз алдына тарихи тақырыпты қозғайтын әңгіме болады. Абайдың қарасөздері қазақ прозасының, публицистикасының әсіресе әдеби тілдің прозалық жанрларда өркендеуіне ықпалын тигізді», -дейді[3.]

Абай «жиырма бірінші сөзінде» ғылым-білімді үйреніп талап қылушыларға шарттарын көрсетеді. Соның  «бесіншісі – осы сөздің он тоғызыншы бабында жазылған ақыл кеселі деген төрт нәрсе бар. Содан қашық болу керек»-дейді. Бұған Абайтанушы Асан Омаров: «Абай «осы сөздің он тоғызыншы бабында жазылған» деген. Ғақлия сөзді «баб» дегені несі? Бәлкім, бұл данышпанның туған халқын тура жолға сілтейтін заңдар жинағы – мәңгі ЕРЕЖЕ-ні жазып отырғанын сезінгені болар. Қалай деген күнде де, М.О.Әуезовтің әйгілі роман-эпопеясын «Абай жолы» деп атауында осы астар бары анық сияқты», -дейді[4, 206-207б.] Ал, М.Әуезовтің өзі: «Қарасөздер» көркем прозаны өзінен бөлек, Абайдың өзі тапқан бір алуаны болып қалыптанады. Бұл сыншылық, ойшылдық және көбіне адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді», – деп жазады[5].  

Академик Р.Ғ.Сыздықова: «Ұлы Абайды «ұлы» деп тек оның поэзиясы – өлеңдері ғана емес, «Қарасөздер» атты прозалық шығармалары да танытады, «Қарасөздер» – Абайдың шығармашылық дүниесіндегі орны ерекше қазына… Қысқасы, «Қарасөздер» Абайдың қай тақырыпты қозғаса да,түгелімен дерлік ағартушылық идеясын ұстанған, мораль мен тәлім-тәрбие жайындағы ой-толғамдарын баяндайтын шығармалары» -дейді[6, 107 б.] Абай өз ғұмырының  1890-1898 жылдарын қарасөздерді жазуға арнаған. Бүгінгі таңда қарасөздерді «қара сөз», «ғақлия сөздер» немесе «философиялық трактат», деп қарастырып жүр. Қарасөзді – проза, өлеңсөзді поэзия деп қарастырғанымен, Абайдың «Менің ғақлиям», «қара сөзім» деп айтқан жері жоқ. Осы еңбектің жанрына байланысты нақты факт жоқтың қасы.Себебі, еңбекте: өсиет, мақалдар жинағы, нақыл сөздер, әңгіме-диалог, трактаттар болғандықтан жалпы атау кезінде қиындықтар туады. Оның орнын тек бірқатар ғалымдардыңәртүрлі пікірлері, оның ішінде М.Әуезов, З.Ахметов, Р.Сыздықова, А.Омаровтар  толықтырды. Бұлардан бөлек, ұлы ақын шығармаларының (қара сөздері) текстологиясы, канондық тексін жасау, бірізге түсірудің картасын әсіресе 1905, 1907, 1910 алғашқы нұсқаларын зерттеуде Х.Сүйіншәлиев, Ы.Дүйсенов, З.Ахметов, М.Қаратаев т.б бертін келе, Т.Жұртбай жазушы – ғалымдардың сүбелі тұжырымдамаларын көреміз.

Қазақтың ұлы ақыны –  Абайдың «қара сөздері» мен жазушы Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесіндегі» бүтін бір дәуірлердің өзара ойлы көзқарастары мен ұшқыр танымдары, ой таразысы ойтолғаумен тармақталады. Абай мен Шерхан мұраларының ұштасу табиғаты – қоғам, адам, орта, ел мен жер, дін, дүниетаным туралы жеке ақын немесе жазушының өзіндік көзқарасынан көрінді. Баспасөз басында жүріп қаламгер ақиқатты әдебиетке ашық әкелді. Әдебиеттану ғылымы ойтолғау жанрының қалыптасу кезеңіне тоқтала кетіп, ғылыми әрі нақты қағида қажеттігін көрсетті. Жазушы тудырған кем дүниенің осы бір кемтігін жабуға негізделді. «Бір кем дүние» деген сөз ол енді бірі жетсе, бірі жетпей жатады. Бір жақсылық келсе, ертесі басқаша өзгеруі мүмкін дүние. Сондықтан тұрақты ештеңе жоқ мұнда. Сондықтан дүние осы қалпында өте береді деу қиын» -деген пікірі бізге дәйек(сұхбатынан үзінді). Көсем тұлғалардың еңбектеріндегі ұқсастық пен ерекшеліктерді қарастыратын бірталай мәлелелер әр алуан тақырыпта келеді.  Ол мәселелер мынадай: 1) Ғылым-білім мәселелері; 2) Саяси мәлелелер 3) Діни мәселелер 4) Ұлттық тәлім-тәрбие; 5) Адамгершілік-моральдық құндылықтар; 6) Әдебиет пен өнер.

1. Ғылым-білім мәселесі. Президентіміз Қ.Ж.Тоқаев: «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет. Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Себебі ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз. Ал біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу» — деген сөзіне тоқталамыз[7].

«Толдым деген төгіледі, Жеттім деген жығылады. Бір кем дүние» (Асқанға-тоқсан афоризмі). Абайдың он екінші қара сөзінде келетін: «Ләкин, сондай адамдар толымды ғибратқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі – иманның иғтиқадын махкемлемек керек, екінші – үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны Құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды» -дейді[8]. Мұнда адам баласының ұшы-қиыры жоқ білім-ғылымды игердім, алдым, болдым, толдым деуі – өзіне жасаған ең үлкен қастандығы деп біледі.

Қаламгер Шерхан М. «Жоғалған тіл» тақырыбымен берілген көкейге ой саларлық дүниені жазды: «Болашақ» деген шығып, бай балалары шет елде оқып, бірсыпырасы сол жақта қалады. Бірсыпырасы елге қайтады. Білімі жақсы, істі біледі. Бірақ тек орысша, иә ағылшынша сөйлейді. Қазақшасы жоқ. Бір кем дүние»[9]. Ондағы қаламгер ойы – шетелде қалып, елге оралмай жатқан жас мамандарды айтып тұр. Ол жазушының түсінбей айтып тұрғанынан емес, себебі өзі де кезінде Мәскеуде т.б бірқатар елдерде білім қуып барып, өз егеменді жерінде еңбек еткенін айтады. Әр адамның туған жер алдындағы міндетін, парызын айтады. Хакім Абайдың отыз сегізінші қара сөзінде : «Олардың шәкірттерінің көбі біраз ғарап-парсыдан тіл үйренсе, бірлі-жарым болымсыз сөз бахас үйренсе, соған мәз болып, өзіне өзгешелік беремін деп әуре болып, жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар хасил қылады …» — дейді[8].

2. Саясат мәлелесі. «Оқымайтын бастықтар» : «Таңертең емхананың алдына шығып, ербеңдетіп, зарядка жасап тұр едім, қасыма домалаңдаған кішкентай кемпір келді: – Дұрыс қимылда! –деді. Сонда барып есіме түсіп кетті: Зәуре Садуақасқызы Омарова. Сенің «Даттарыңды» – Камалға жазған хаттарыңды қалдырмай оқимын. Тұрар  Рұсқұлов туралы жазған романдарыңды түгел оқыдым, -деді. Ал қазіргі бастықтар оқымайды. Бір кем дүние». «Обалы кімге»: Жер–адамзаттың анасы. Құнарлы қыртысынан айрылған жер – бедеу. Ештеңе шықпай қалады. Бұл да бір дәуір. Бір кем дүние». «Кім ойлайды» : « Ұлан-байтақ Қазақстанда небәрі 15 миллион халық тұрады. Оның 8 миллионы қазақтар деп жүрміз. Халқымыздың өсімі тым төмен. Ал дүниеде жері бай, кені бай елге ие өз елінен табылмаса, жатжұрттықтардан табыла кететіні ежелден белгілі. Сонда демогрфия ашаршылығынан қалай құтыламыз? Халықтың әлеуметтік күнкөрісі мәз емес екені бесенеден белгілі. Мемлекеттің тақыр кедейлігінен емес, жемқорлардың тойымсыз жемсауына түсіп кеткендіктен. Жемқорлық, парақорлық, жалпақ тілмен айтқанда, корупция залалы халық өсіміне,  өсіміне Голощекин ашаршылығынан кем түскен жоқ сияқты» — десе[9]., дана Абайдың ортасында да, халық арасын қауқалаған осындай жайттар кездесті. Жиырма төртінші қара сөзінде: «Жер жүзінде екі мың миллионнан көп артық адам бар, екі миллион қазақ бар. Біздің халықтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді- біріміз аңдып, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қылып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен? Әй, не болсын! Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін-бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?» — деп халықтың қамын жеді[8]. «Отыз үшінші сөз» : «Бірақ Құдай Тағала қолына аз-маз өнер берген қазақтың кеселдері болады, дей келе, төртінші – тамыршылдау келеді. Бағанағы алдамшы шайтан тамырым, досым десе, мен де керектінің бірі болып қалыппын ғой деп және жасынан іс істеп, үйден шықпағандық қылып, жоқ-барға тырысып, алдағанды білмей, дереу оның жетпегенін жеткіземін деп, тіпті жетпесе өзінен қосып бер дегеннің бәрін қылып беріп, күні өтіп еңбек қылар уақытынан айырылып, «жоғарыға шыққа» қарық болып, тамақ, киім, борыш есінен шығып кетіп, енді олар қысқан күні біреудің малын бұлдап қарызға алады» — дейді[9]. Бұл қоғам жағдайын ашық әшкерелеу, санын соқпаққа «әттең» жетепегенін қаламға тиек еткен заман үндестігі.
3 . Діни мәселелер төңірегінде. «Кітап қасиетінде» Шерхан Мұртаза:   «Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап.  Ең бірінші – Құран! Екінші – Хадистер! Ұлы классиктер. Қазақтың ұлы ақын-жазшылары. Кітап жем, су сұрамайды. Кітап – ғажайып қазына. Кітап сүймеген Құдайды да сүймейді. Бір кем дүние» — дейді[9]. Қаламгердің қаламында мұндай теологиялық ойлармен өрбіген тағы бірнеше «бір кем дүниесі» бар. Оларды өзінің ой ұшқырымен саяси білімі мен тарихи көзқарастарын жеткізеді. Сол сияқты «Напалеон мақтаншақ па», «Ағару», «Кәрі құлжа жалғыз жайылады», «Багира қара қабылан», «Ақындардың пырағы», «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» деген тақырыптар төңірегінде жазуы осының айғағы. Ал нағыз діни мәселерге қараған «Жайнамаз», «Құран сөзін құрметте», «Мәңгі, мәңгі», «Төсектегі намаз», «Он екі айдың сұлтаны», «Иман байлығы керек» т.б ұлы күш туралы айтылар ойы Абайда да ауқымы кең, әрі тың тақырып болып табылады. М.Әуезов: «Абайға шығыстан кірген бұйымдардың басы ислам діні», — деген болатын. Кемеңгер Абайдың «Он екінші»,  «Он үшінші», «жиырма сегізінші», «отыз төртінші», «отыз бесінші», «отыз алтыншы», «отыз сегізінші», «отыз екінші», «қырық үшінші» қара сөздереінде ақын Құдайды, дін, оқу-білімді, талаптануды адам баласының білімсіз бекер күн кешетіндігі туралы айтқан. Иман туралы пікірлері де бір-біріне ұштасып жатыр. Абайдың иманды деп таныған кісіге береген анықтамасы  «ұят кімде бар, сода иман бар» десе жазушының «ең сорлы адам – имансыз адам» деп көрсетеді. Абай төртінші сөзінде:  «Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегінді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», — дегені жаратқанға сенім артып, қайратыңды пайдаға асыр деген алғыр сырын айтты[8]. Бірақ үңіле қараса, Абай исламияттың кейбір түбірлері ұғымдарын сыншыл ақыл сынына салып, оны өзіндік таным тұрғысынан адамгершілік дініне айналдырады. Өзіндік гуманистік ойларын көбінесе діни ұғымдармен жанастыра отырып таратады[10, 74 б.]. «Абайдың діні – адамгершілік діні» (Р.Сыздықова) 38-ші сөзінде адамды бұзатын үш сөзге тоқталады: надандық, еріншектік және залымдық.  Олар – білімнің, өнердің, адамның дұшпаны. Абайдың шығармашылығы әр заманда өзінің болмысын қалыптастыратын классикалық дүние.
4. Ұлттық тәлім-тәрбие, еңбек мәселесі. «Талант сатылмайды», «Жаңғақтың қабығы қатты…», «Жүген алып жүгірген бала», «Әзәзіл», «Біздің ауылдың келіндері», «Киелі кіндік», «Арша бесік» т.б осы сияқты терең мағыналы, биік сөз шеңберінде ұлттық таным тәрбиелер туралы ойға қозғау салды. Бір кемнің ішінде «Ұлтшылдардың ұлтшылы», «Халық қалай көбейеді», «Қымыз», «Қазақ көп пе, аз ба», «Ұлттық рух», «Ұрпақсыздар ұмтылады», «Ойлан, қазақ»  тікелей ұлт тағдырына алаңдаушылығын көрсетеді. Ойлан қазақта былай дейді:  «..Түрік ұлтының мінезі асқақ. Түрік халқы еңбекқор. Түрік халқы зерек халық… «Мен Түрікпін!» деген адам қандай бақытты(Ататүрік). Ал бізде, қазақтарда қалай? «Мен қазақпын!» деп бәрі де қасқайып тұрып мақтанышпен айта ала ма? Ай, білмеймін»- деп намысты ояту мақсатын көздеп, кейін: «Егер Қазақстанды мекендейтін көп ұлттың әрбір азаматы Қазақстанды, қазақты, оның тілін, салт-дәстүрін, мінез-құлқын, жер-суын Бельгерше түсініп, Бельгерше сыйлап, құрметтесе, онда бұл елде Құдай сүйгендер ғана тұрып, жұмақ орнар еді…»- деп сөйлеген сөздердің өзінде адамгершілік тұрғыда жанының шын ұлттың ұлы екенін аңғаруға болады[9]. Хакім Абайдың он тоғызыншы қара сөзінде: «Осы мен өзім–қазақпын. Қазақты жақсы көрсем бе, жек көрем бе? Уә, әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік я көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжілісте, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді» [8].. Абайдың тағылымында ұлттық тәрбие аса  ерекше. Ащы сынды қазаққа, қоғамға қатқыл пайдаланып, бір жаңару белесіне көтеруге ұмтылдырады. Тағы бірде : «Әуелі балаңды өзің алдайсың: оны берем, міне, мұны берем» деп. Басында балаңды бір алдағаныңа бір мәз боласын. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің?» -дейді[8].

Шерхан қаламында ұлтқа қызмет ету, еңбектену тақырыбында «құмырсқа ғұмыр», «Жекеше көне ме» т.б бар әңгіме. «Ұйықтап қалған құмырсқаны көрмедім. Бәрі қыбырлап-жыбырлап жем тасып бара жатады. Біз ғой түске дейін ұйықтаймыз. Түстен кейін қыдырамыз. Бай баласы байға ұқсайды, Байланбаған тайға ұқсайды, -деген осы. Жалқаумыз. Бір кем дүние». Хакімнің оныншы сөзінде: «Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатпен адал кәсіп қыларлық орынға жұмсамаймысың?… Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?» — деп жазады[9].

Абай ақылды адам мен ақымақ адамның парқы жөнінде: «Әуелі — пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен  өмірдің өкініші де  жоқ болады  екен» , -дейді[8]. Қызық дегеніөмірдің нәрі, мәні, мағынасы емес пе? Ал,  бір кем дүние былай дейді: «Қызық ету, сірә, аса дарынды сирек адамдардың ғана қолынан келетін болар. Мысалы, мына Нұрғиса сияқты жарқылдап өтсең дүниеден. Бірақ ол қиыншылық көрмеп пе? Тағдыр қиыншылығының көкесін көрген шығар. Оған мойымаған, қайғыны да, мұңды да көріп-біліп жүріп бүгілмеген адамнан анандай сұрапыл да сұлу күйлер, әдемі әуендер төгілер. Олар – Құдай сүйген құлдар».  Ой жарастығы, ақыл таразысы тамшы боп тамып тұр.

5. Адамгершілік-моральдық құндылықтар.  Шерхан Мұртазаның да шығармаларының басты және өзекті тақырыптары– адамгершілік тұрғыда баяндалады. Және мұндай гуманизм бағытында Абайдың қарасөздерінде көбірек айтылды.  Он алтыншы сөзінде : «Ұят деген – адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты»- дейді[8]. Шераға мұны: «Адамға бала жастан ең керегі –Ұят деген қасиет. Ол туа бітеді. Бірақ кейбіреуі өсе келе, үлкейе келе ұяттан жұрдай болады. Бір кем дүние» — деген болатын[9]. Жазушы адамның  қанағатшылдық туралы ойы: «Араны ашылған, ашқарақ тойымсыздар адалдықтың қызығынан ажырап қалғандар. Адалдықтың қазығы–қанағат. Бір кем дүние–зор кем дүние» осылай. Абай: «Адам қанағатсыздықпенен бұл хайуандардың тұқымын құртып, алдыңғыларға жәбір қылмасын деп, малды адам баласының өзінің қызғанышына қорғалаты, өзге хайуандарды қанатына… адам баласының үзілмес нәсіліне таусылмас азық болсын дегендік», -дейді[8]. Адамның адам болуы – қанағаттан да, хайуан болуы –қанағатсыздықтан деген екі пікірдің жалғасуын көреміз. Қаламгер қиялында «Әр заманда адал мен арамның арасын анықтап тұратын осындай таразы болса ғой, шіркін»,– дейді. «Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемектік – ол арлы адамның ісі». Абай бұл сөзімен ұрпақ санасына әрдайым серпіліс жасауда болды. Хакім сөзі дәлел: «Бірақ әрбір өнердің тыстан тауып алып, ішке салғанын, соның тамырын берік ұстап тұруға жараушы еді. Көп заман ескермеген адамнан ол бағанағы өнердің өзінің ең қызықты, қымбатты жерлері жоғала бастайды. Онан соң көп заман өтсе, сол өнерді сақтайтұғын қуаттың өзі де жоғалады» [8]. Мұнда өнерді сақтайтын қуат, беріктікті айтады. Көп заман ескермеген адамның өнерінің жоғалатынын да айтып тұр. «Тыңдаушысыз ән де тұл». Руханият әлемін сақтау туралы үзік-үзік сөздерінде Шерхан Мұртаза: «Әсіресе нағыз таланттарға қиянат. Дарынсыз арамшөптерге бұл тәсіл керек те шығар. Бірақ құммен бірге алтын түйіршіктерін де лақтырып тастау — имансыздың ісі» [9].      

6. Әдебиет-өнер проблемасы. Өлеңнің қадірін кетіріп, алақанға салмауды үйреткен ақын өнер мен ғылымды ерекше бағамдайды. «Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз. Мал бірлән ғылым кәсіп қылмақпыз. Өнер — өзі де мал, өнерді үйренбек — өзі де ихсан. Бірақ ол өнер ғадаләттан шықпасын, шарғыға муафих болсын. Адамға хәлінше ихсанды болмақ — қарыз іс», «өнерсіз ешкімге достығы жоқ жандардың» ғылымды құрметтеп, қажетінше бағаласа, «соларға салынса, бұлай болмас еді» [8].   Шерхан Мұртазаның тіс қаққаныда сол айдар.«Қорқыттың қобызы сарнап тұрғанда ажал оған жолаған жоқ. Аулақ жүрді. Қорқыт әлдеқалай қалғып кетіп, қобызы тартылмай қалып еді, жылан шағып өлтірді. Демек, өнер, әдебиет — рухани дүние тоқтаса, асағаны ақ май болса да, қоғам өледі», -дейді[9].  «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы», «мал жұтайды, өнер жұтамайды», «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ — өнерсіз иттің ісі» өнер өлшеусіз мәңгі.

ХХ ғасырдағы Абай көтерген проблеманың қазаны қайнаған уақыттан соң ХХІ ғасырда Шерхан Мұртазаның талқысында «баяғы жартас сол жартас» болуының баяны қоғамдық-әлеуметтік даму мәселелер төңірегінде. Абай сынаған дәуір мен Шерхан сынаған заман қақтығыстары сол, тек өзгеріс сыртқы эмальінда ғана. Абай сынынан қалыптасқан эвалюциялық дәуір жаңа реформа, қалыпты программа, тың идеялар көзін айшықтады. «Абайды оқы, таңырқадан» «Абайды оқы, орында!», деген қаламгер М.Байғұт. Бұл принципке көшу дағдысына айналдырудың Абай арқылы өтетін төте жолы. Шерхан Мұртаза толғаныстары – әлеуметтік-саяси, қоғамдық-проблемалы, ашық сын. Кітаптардың бір жағынан симметриалды болуы(ұқсас), екінші жағынан Абайда шешім жолы бар болса, Шерханда бағыттың көрсетілмеуі осы айырмашылықтар. М.Әуезов салған даңғыл жолмен Абай шығармаларының өзегін ашуға бағытталады. Абай бір өлеңінде:

«Ел жиып, мал сойыңыз ет берем деп,

          Мал берсем, сен мендік бол деп берем деп,

Қара қарға  сықылды шуласар жұрт,

                                                   Кім көп берсе, мен соған серт берем деп»-дейді. Кемелденген шағы ақынның азапты шағы. Болыс билерді сынаған тұстары. Тереңдеп кеткен  кесапат кесірлер ақын кеудесін күйдірген билікте бар сасық ой.

Дала дарасы, дала толғанысының басты бағыты – ел, жер, Отан, тіл, дін әдебиет, ұлт және т.б. сақтау. Үндесім мен үйлесімдікке саятын бірқатар еңбектер тәуелсіздік жыладары гуманист Абайды қарастырған ғылым салалары мол. О. Сәбденнің «Абай және қазақ елінің болашағы»,  М.Байғұт «Бес асыл іс бес дұшпан» сияқты еңбектер кәсіби білім, экономика, қарапайым шаруа, бизнес, ғылым, педагогика-дидактика, психология, теология, тарих,философия (тіпті суретші) сынды ілімдер заманауи Абайды тудырды және сонымен біте қайнасып жатыр. «Қазақта қара сөзге дес бермедім», дейді, қазақты өз шыны мен сынын қатар айтып, ақыл қалта «толық адам» , «иманигүл», «жәуанмәртілік», жан мен тәннің арақатынасы, қара сөздерінің талап баптары «жұмбақ жанның» мәңгілік рухани кітап көзі. Адамзат дүниесін тіреген үш сөз: нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек. Осылар арқылы «толықтай адам»  ұғымы бастан аяқ жасалады. Ақын сөзі өткір, сын-қылыш. Кесіп түсер қызыл тілді адамын қай кезде болмасын парақор, олжақор, жағымпаз сұрларға заман хакімін жібереді. Демакратиялы халық – дербес ел. Осы дербестікті сақтай отырып, әдебиеттің халықтығын жақын тарту мақсат.

Абайдан асырып кім айтсын. Бірақ, Абайға еліктеп айтқан жазушы жазушы-ақ.  Абайдың ақындығынан бөлек саяси ой –пікірлері Шерхан Мұртазаның таным тұрғысынан, өмірлік философиялық және гуманистік көзқарастарының үндестігін ашық көрінісі. Екі кітаптың ұқсас жері – санадағы реалистік шындыққа негізделген толғаныстар, мағыналы мысалдар. Бұл – ұлылардан жеткен үндестік! «Әр басылған сайын жаңа қырланған алмаздай нұрланып, жарқырап, нұр төге бермек», — деген Әуезов Мұхтар. Абай мұрасы өткені мен бүгіні, келешек үшін кіріптар болатын моральдық-философиялық, қоғамдық саяси ой толғауларынан түйетініміз осы.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Интернет көзінен: https://www.inform.kz/kz/elbasy-makalasy-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru_a3016293
2. Х.Ж. Сүйіншәлиев. Абайдың қара сөздері. – Алматы: Қазақтың Мемлекеттік Көркем   Әдебиет Баспасы, 1956. – 150 б.
3. З. Ахметов. Абайдың ақындық айналасы. – Алматы. 1995.
4. Абай. Жаңаша үлгідегі басылым. Ред. басқарған А. Омаров. Екінші том. – Семей, 2019. – 276 б .
5. М.Әуезов.Әр жылдар ойлары.– Алматы, 1959. –168 б.
6. Сыздықова Р.Ғ. Қарасөздер қазынасы. Абай журналы. – Алматы, 1995. – 208 б.
7. Тоқаев Қ. «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» qamshy.kz
8. Абай. Қара сөздері. – Алматы: «Өнер» баспасы, 2015. – 124 б.
9. Мұртаза Ш. Бір кем дүние: Ойтолғау. – Алматы:  Жазушы, 2008. – 176 б.
10. Абай және Шығыс. –Алматы: «Қазақстан», 1994. – 209 б.

Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика