Жақсыбай САМРАТ. Мемлекеттік құпия

Мемлекеттік құпияҚұпия деген дүниенің бәрі адамды ежелден қызықтырады. Неге құпия, несімен құпия деген сұрақтар жан атаулының бәрінің білгісі келген қызығушылығын тудырып, дегбірін қашыратыны шындық. Сол құпиялардың ішіндегі ең маңыздысы – мемлекеттік құпия. Оның ашылып қалуы немесе жалған мәліметтің мемлекеттік құпия деп қабылданып қалуы үлкен қасіреттерге де соқтырып жатады. Біз төменде осы жайында әңгімелегелі отырмыз.

Астары қалың ақпарат

Мемлекеттік құпия – ең жоғары санаттағы қатаң қорғалатын дерек. Оны білген адам ешкімге, ешқашан айтпайтыны, таратпайтыны жөнінде қолхат береді. Әскер, қауіпсіздік, сыртқы саясат, экономика, барлау, қарсы барлау және т.б. салалардағы таратылып кетуі мемлекетке залал келтіреді деп саналған деректердің бәрі мемлекеттік құпия деп есептеледі. Мемлекеттік құпия туралы заңға сәйкес уәкілетті мемлекеттік орган мәліметтің құпиялығын анықтайды. Ондай мәліметтер және олар сақталатын құралдар да тек мемлекет меншігі болып есептеледі.
Мұндай құпияға жататын мәліметтер деңгейіне қарай «аса маңызды», «өте құпия» және «құпия» болып бөлінеді. Оларды құпия күйде сақтау мерзімі арнаулы қаулыда көрсетіледі.
Мемлекет мүддесіне залал келтіргендіктен оны қасақана таратқан немесе қарсы жаққа ақы алып, өз еркімен берген адамдар Отанын сатқандар қатарына жатқызылып, ату жазасына дейін жазаланады. Бізде басқа қылмыстарға өлім жазасы ауыстырылғанымен дәл осы қылмыс үшін өлім жазасы қалдырылған. Дін Ислам да Отанын сатқан жансыздықты күнәнің ең үлкені деп санайды. Осыған байланысты бір тәмсіл де бар. Ертеде бір батыр жас күнінде жаманшылық жолға түсіп, қарақшылықпен айналысыпты. Кісі де өлтіреді, керуен де тонайды. Артынан ақылы кіріп, Алланың хақ жолына мойын бұрған кезінде жасаған күнәларын қалай жууды білмей, бір данышпан адамнан ақыл сұрайды. Данышпан оған айдалаға барып ақ үй тігіп отыр, ұрлықпен жиған малыңның бәрін алыс жолдан қиналып келе жатқан барлық жолаушыны дем алдыруға жұмса дейді. Батыр бұған келіссе де Алла менің күнәмді кешіргенін қайдан білемін дейді. Сонда данышпан оған дарақтың бір тал өскінін беріп, осыны үйіңнің алдына ек, егер ол гүлдесе, сенің күнәңнің де кешірілгені дейді. Содан батыр елсіз, сусыз айдалаға үй тігіп, өткен-кеткен жолаушының аузына асын, астына атын тосып, алғысқа кенеледі. Алайда, еккен дарағы гүлдемейді. Бір күні асығып келе жатқан кезекті жолаушының алдынан шығып, үйіне кіріп, дәм татуға шақырады. Сөйтсе, анау бұлданып, асығыс екенін айтып, мойын бұрмайды. Тіпті, атын бұрып алып, жөнеп береді. Сонда батыр менің асымды аттап кететін сен кім едің деп ашуланып, белінде жүрген қанжарын жолаушыға қалай лақтырғанын өзі де сезбей қалады. Қанжар дәл қадалған жолау­шы аттан ауып түсіп, жантәсілім қылады. Мұны көрген батыр «мені құдай атты, енді күнәлерімді ешқашан кешірмейді» деп қатты күйінеді. Алайда… Өлген жолаушыны көміп үйіне келсе… Есігінің алдындағы дарақ гүлдеп қоя беріпті. Мұны көргенде шалқасынан түсе жаздаған батыр өлген адамның қалтасынан түскен қағазды еске алады. Ол қағаз жолаушының еліндегі әскердің құпиясы екен. Әлгі сатқын соны жауына жанталасып апара жатқан жансыз болып шығады. Сөйтіп, қапылыста жансызды өлтірген батырдың барлық күнәсі кешіріліпті… Демек… Тәмсіл сатқынды өлтіргеннің өзі де сауапты іс дегенге мегзеп тұр.
Кеңес Одағы жылдарында мемлекеттік құпияны сатуды жеке басының мүддесі үшін пайданың көзіне айналдырып, оны қызығушылық танытқан тараптарға ақшаға алып беріп отырған адамдар көп болды. Біз төменде соның бірі Дмитрий Поляков туралы айтып өтелік.
1921 жылы өмірге келген ол әскердің Бас барлау басқармасында (БББ) қызмет етіп, генерал-майо­р шеніне дейін көтерілген адам. Ол өзіне белгілі мемлекеттік құпияларды 20 жыл бойы амери­калық барлау қызметіне сатып келген, тек 1986 жылы ғана ұсталып, 1988 жылы ату жазасына кесіледі.
Ұлы Отан соғысына қатысып, белуардан қан кешіп, бірнеше орден-медальдар алған, оның үстіне кейін­гі қызметінде үнемі өсіп, шетелдерде қызмет етуге мүмкіндік берілген адамға не жетпеді екен деген сұрақ тумай қоймайды.
«Википедия» энциклопедиясындағы мәлімет­терге қарағанда соғыстан аман келген соң ол Фрунзе атындағы әскери академияны бітіреді. Осы жылы шетел тілін білетін оны Бас барлау басқар­масына қызметке жібереді.
1951 жылдан 1962 жылға дейін ол шағын үзіліспен АҚШ-та БҰҰ-дағы әскери комитеттің КСРО өкілдігінде қатардағы офицерлік қыз­метте жұ­мыс істейді. Негізгі қызметі барлау жұ­мыс­тары болған ол АҚШ-та өзінің отбасымен тұрады. Осы жылдары оның ұлы өмірге келеді. Үш жылдан кейін бала ауыр дертке ұшырап, оны емдету үшін 400 долларлық ота жасату керек болады. Сол жылдары бұл көп ақша болса керек, Поляковта ондай қаржы табылмайды. Басқа амалы қалмаған соң БББ-ның резиденті, генерал-майор И.Скляровтан көмек сұрайды. Анау Орталықпен хабарласып қаражат сұратқанда, БББ-ның безбүйректері осындай болмашы қаражатты да бөлуден бас тартады. Жедел ота жасалмаған соң барлаушының жалғыз ұлы жан кешеді. Осыдан кейін Поляков желдің өтінде, жаудың шетінде шыбын жанын шүберекке түйіп жүрген еріне де жақсылық жасамаған өкіметтен қол үзсе керек…
Ұсталғаннан кейін оның сатқындыққа бару себебі сұралғанда ол алдымен осы оқиғаны ауызға алады. Одан кейін КСРО-дағы саяси режім­нің идеологиясымен келіспей, батыстық демо­кратияның Хрущевтың әскери және сыртқы саяси озбырлықтарын ауыздықтауына көмек қолын созғысы келгенін айтыпты.
Осылай да болуы мүмкін, бірақ жеке басының өкпесі немесе Хрущев пен оның жанындағылардың оспадарлықтары үшін бүкіл Отанына зиянкестік жасауға бола ма? Кеше ғана өзі кеудесін оққа төсеп қорғаған Отанын бүгін әлдекімдердің әрекетіне бола сатқаны, әрине, ешқандай ақтау болмайтын іс. Бұл жерде гәп басқада болса керек.

Жансыздық әрекеттер

Қолға түскеннен кейінгі мәліметтерге қарағанда ол 1961 жылдың 8 қарашасынан бастап ФБР-ға қызметін өз еркімен ұсы­нады. Алдымен АҚШ-тағы кеңес өкілдіктерінде істейтін алты шифро­вальщикті ұстап береді. Арада аз уақыт өткенде Кеңес елінің АҚШ-та жүр­ген 47 барлаушысын атап береді. Одан кейін барлау жұмыстарымен қосымша айналысатын өзіне белгілі кеңестік дипломаттарды да көрсетеді. Әрине, АҚШ оларды бірден ұстамайды, керісінше олардың жансыз екенін білген соң ақпараттарға «қиындықпен» қолдарын жеткізіп, кеңестік әскери, қорғаныс, экономика және т.б. жұмыстарына теріс мәліметтермен орасан зор зиянкестік келтіреді.
АҚШ-та болған сапарының соңында Д.Поляков кеңестік барлау ісіне үлкен пайдасын тигізіп жүрген Мэйсиді де (БББ капитаны М.Доброва) ұстап береді. Сонымен қатар, БББ-ның құпия құжаттарының көшірмесін де ұрлап алып сатады. Әрине, осының бәрі үшін қомақты қаражат алып отырған. Поляковтың көздегені де сол болса керек. Ол жалғыз баласына кедейшілігінен көмектесе алмағандықтан, енді қайтсе де баюды өзінің алдына мақсат етіп қойғандай.
Екі жақтың да барлау қызметінде жүргендіктен ол ізін жасырудың да қитұрқы әдістерін жақсы меңгеріп алады. Кейін оны ұстауға үлкен үлес қосқан генерал-лейтенант Леонид Гульевтің айтуына қарағанда, ол америкалық әріптестеріне өзі атап көрсеткен кеңес барлаушыларын бұл жоқта, бұған сезік келтірмейтіндей етіп ұстауды тапсырып отыруды да ұмытпайды екен. Соның арқасында ұзақ жылдар бойы ізін жасыруына мүмкіндік туады.
Ақшаға құныққан Поляков 1962 жылдан Мәскеуде қызмет етіп жүргенде де аме­рикалық барлау қызметімен байланыстарын жалғастыра береді. Мұндағы қызметі де БББ-да болғандықтан, қолы жеткен құпия дүниелердің бәрін ол құпия орындар арқылы АҚШ-тың барлаушыларына жеткізіп отырған. Оның құпия орындарының қатарында орталық парк те болыпты. Сондағы елеусіздеу тастың астына құпия деректің көшірмелерін тастап кетеді. Оны алған шпион келісілген ағашқа белгі салып кетеді. Осы жерде де По­ляков ас­қан сақ­тықпен қи­мыл­дайды. Бірде ол өзінің мәліметін алған белгіні көре алмайды. Басқа адам болса бас салып, құ­пия орынды тексерер еді ғой. Ал Поляков оған мойын да бұрмай, өзара келісілген газеттің жар­намалық бөліміндегі шын мазмұнын өзі ғана тү­сінетін «хабарландыруды» күтеді. Арада біршама уа­қыт өткеннен кейін ғана өзіне керекті «хабарландыру» шыққан соң «жұмысты» одан әрі жалғастырады.
Поляковты ұстағанда оның үйінен сол кездің нарқымен 94 мың доллардың дүниесі мен ақшасы тәркіленіпті. Алайда, оны ұстағандар Поляковтың АҚШ банкілерінің бірінде біреудің атына жазып қойған есепшоты болғанына сенімді. Мұны өзі мойындамағанымен басқа ұсталғандардың «гонорарларына» қарағанда, оған төленген ақы миллиондардың үстіне шығып кеткені анықтап отыр.
Көпжылдық еңбегі үшін Д.Поляковқа Кеңес Одағы 1974 жылы генерал-майор атағын береді. Айта кететін жайт, америкалықтар да іскерлік беделін өсіру үшін Поляковқа өздерінің кейбір резиденттерін «айналдырып» алуға мүмкіншілік жасаған. Сосын оларды жалған мәліметтермен қамтамасыз етіп, КСРО-ның құлағы түрік барлаушыларына оларды «аса құпия» жағдайда жеткізіп тұрған.
2014 жылы «Егемен Қазақстанға» «Кеңестік кезекті кеңкелестік» атты мақаламыз шыққан еді (14.02.14 ж). Сонда Кеңес Одағының Ауғанстанға кіруінің ең басты себебі, америкалықтардың арандату ақпараты болғанын түрлі дерек көздеріне сүйеніп былай деп жазғанбыз: «Ең негізгі себеп, АҚШ-тың Орталық барлау басқармасында (ОББ) болып шығады. Осы қызметтің құпия қоржындарында КСРО-ны ауған «батпағына» батырып, «өздерінің Вьетнамдарын» жасау туралы идея қолға алынып, оны іске асыру басталған екен. Ол үшін АҚШ, Англия және Германия Ауғанстанның солтүстігіне көз тігіп, онда шағын және орта қашықтағы «Першинг» зымырандарын орналастыруды көздеп отыр, сөйтіп Ауғанстанды өз ықпалдарында ұстап, Пәкістаннан Иранға көпір тартпақшы, ал Амин болса, кезінде АҚШ-та оқыған, сонда жүргенде ОББ-ның құрығына түскен жансыз деген дақпыртты аса «құпия» жағдайда кеңес барлаушыларының құлағына тигізеді. Мұндай арандатуды сараптап, кәсіби тұрғыдан саралауға, өтірік екендігін әшкерелеуге КГБ-ның қауқары болмай шығады. Сол жылдары КГБ-ның сыртқы барлау басқармасын басқарған В.Крючков өзінің естелік кітабында: «Бізге бірқатар батыс елдерінің Ауғанстанда белсенді қимылдай бастағаны жөнінде ақпарат ұдайы түсіп тұрды. Оларда кеңеске қарсы әрекет белең ала бастағаны анық болатын. Мұны байқамау, тіпті, мүмкін емес еді», деп жазған. Ал ақпараттарды саралап едік, ол теріс болып шықты дегенді ауызға да алмайды. КГБ-ның осындай үркітулерінен кейін Саяси Бюродағы саққұлақ шалдар АҚШ-тың алдын орап, Ауғанстанды уыстан шығармау жөніндегі ұсынысты сөзсіз қолдайды». Сол мақаладағы көрсетілген дерек көздері қатарында АҚШ президентінің сол жылдардағы кеңесшісі болған З.Бжезинскийдің өзі 1998 жылы журналистерге берген сұхбатында осыны тікелей мойындағанын да келтіріппіз.
АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) та­рапынан шыққан осындай жалған, аран­да­тушылық ақпараттар Поляков сияқты сат­қындардың «жанқиярлық шебер» жұмыстарының нәтижесі ретінде қабылданғаны сөзсіз. Кеңес әскерлерінің қаншама мың адамдық, орасан зор материалдық-техникалық, қаражаттық шығынға ұшыраған соң «Ауғанстан батпағынан» 1989 жылы шығарылуының бір себебі, тек осы Поляков ұсталғанда шындықтың ашылып, алдауға түсіп қалғандарын білгендіктен сияқты. Поляков 1986 жылдың шілдесінде ұсталып, бір жыл бойы тергеліп, барлық қылмысы ашылған соң 1988 жылы атылған.
Міне, мемлекеттік құпияның шашылуы мен жалған деректердің мемлекеттік құпия деп қабылдануының қаншама зиян келтіретінін осыдан-ақ біле беріңіз. Бәлки, ақшаға құныққан Поляков сияқтылар оның ауқымын болжай да алмаған шығар. Бірақ, бұл олардың қылмысының күнәсін жеңілдете алмайды. Сондықтан, мемлекеттік құпиямен «ойнаған» сатқындықтың зардабы осындай гипертрагедияға да ұрындырады.
Тергеу барысында Д.Поляковтың АҚШ тарабына барлығы 119 кеңес барлаушысын ұстап бергені анықталады. Сонымен қатар, Кеңес Одағының мүддесі үшін қызмет істеген 150-ден артық шет­елдік жансыздарды өздеріне айтып берген екен. Америкалықтар оны «Орталық Барлау басқармасы тәжіндегі жақұт» деп бағалаған.

Опасыздың ақыры

Бір шоқып екі қараған, аса сақ әрі жоғары дәрежелі кәсіби маман Дмитрий Поляковты әшкерелеу де оңай болмаған. Алайда, орыстар айтпақшы, «жіп қанша шырмалса да ұшы табылады» емес пе, оның да ақырғы сағаты соққан екен. Оған америкалықтардың өзі «көмек» береді.
АҚШ-та кеңес барлаушысы, ұлты фин Туомидің ұсталу хикаятына арналған еңбек белгілі бір журналға жарияланады. Оны барлау жұмысына дайындаған… Д.Поляков екен. Мақалада оның барлық әрекеттері мен берген сабақтары Туомидің айтуы бойынша жан-жақты жазылады.
Осы мақаланы БББ-ның арнаулы бөлімі мұқият зерттеуге салады. Сөйтсе… о ғажап, мақалада Туомиді дайындаған барлаушылар мектебінің барлық ұстаздарының аты-жөндері толығымен беріліпті. Ал барлауға баратын адамдарға олар тек псевдониммен ғана белгілі болып, шын аты-жөндері білдірілмейді екен. Бұл арнаулы қызметте баяғыдан бар дәстүр көрінеді. Демек, бұл фактілер Туомидің айтуынан алынбағаны белгілі болып қалады.
Сонымен бірге, автор «Туомидің айтуы бойын­ша» деп алып, оның кейбір ұстаздарының ол барлауға аттанғаннан кейінгі іс-әрекеттері туралы да жазыпты. Бұларды Туомидің білмейтіндігі, тіпті, анық. Ең сұмдығы сол, мақаланы жіті сүзген кезде Туомидің журналға жарияланған фотографиясы… оның «жеке ісі» үшін арнайы түскенінің көшірмесі болып шығады.
КСРО-дағы тәртіп бойынша кез келген қызметкердің «жеке ісі» құпия сақталатын еді ғой. Ал барлаушы – офицердің «жеке ісі», тіпті, жеті қабат құпияның аржағында болатыны белгілі және ол үшін түскен фото арнаулы жерде артық данасыз шығарылады. Ендеше, оны алып жүрген осындағы бастықтардың бірі болды ғой деген ой БББ қызметкерлерінің бәрін үркітіп, бір-бірінен күдіктеніп, шала бүлініп қалады. Сең соққан балықтай болған барлаушылар есеңгіреп, көрінген нәрседен күдіктеніп, «ол кім болды екен?» деген сұрақпен бір-бірін аңдитын жағдайға жетіп қалады. Осы кезде көптеген қызметкерлерді отставкаға жіберу де орын алады. Барлық жұмыс тоқырап, сал ауруына шалдыққан жанның күйін кешеді.
Осы тығырықтан оларды тағы да америкалықтар «құтқарады». Журналға шыққан мақала енді жеке кітап болып басылыпты. Әлгіні қолға алып жіберіп жіті зерттесе… Журналда басылған нұсқада өріп жүрген генерал Поляковтың есімі еш жерде жоқ. Бірінші күдік осылай туады. Алайда, осыны негізге алып Поляковты тұтқындай алмайсың. Өйткені, қулығына құрық бойламайтын америкалықтар оны арандату үшін қасақана да істеуі мүмкін ғой. Алайда, БББ-ның ішкі қызметі Поляковтың барлық әрекеттерін жасырын зерттеуге алады.
Соның ішінде КСРО-ның америкалықтар әшкерелеген барлық барлаушылары мен агенттерінің қызметі мен өмірлері мұқият сарапталады. Бұл іске БББ-дағы ең үздік кәсіби кәнігілер тартылып, барлық «провалдар» сарапқа салынғанда, бәрінде де Поляковтың фамилиясы қылаң беріп шыға береді.
Барлау қызметтері өз арасындағы сатқындарды көртышқан (крот) деп атайды. Ал сол «көртышқан» өздері құрметтейтін офицер, барлау ісінің маманы деп танылған, көбінің ұстазы болған генерал болса қайтпек керек? Білетін қызметкерлер өздерін сонша шошындырған бұл сұмдықты іштеріне сыйдыра алмай, оңаша жерде, екеу-екеу қалғанда талқыға салатын болыпты. Сондайда жоғары қызметтегілер өздеріне Поляковтың қымбат сыйлықтар жасағанын еске алады. Әрине, бұл сыйлықтарды ол оңашада тапсырғандықтан бөгде ешкім білмейді ғой. Бірақ, әңгіме оған қатысты болған кезде бастық атаулының бәрі өздеріне осындай тосынсый жасалғанын айтады. Америкалықтардың төлеген ақшасын Поляков та аямай жұмсаған екен, жасалған сыйлықтардың бәрі өте қымбат дүниелер болып шыққаны бастықтарды ойландыра түседі. «Гауһар қол» атты атақты комедияда: «Біздің адамдар тоқаш алуға таксимен бармайды» дегені сияқты еңбекақысы қанша көп болса да кеңестің барлаушы офицерлері мұндай шығынға бармайтыны белгілі еді. Сондықтан, бұл факт Поляковтың «көртышқан» екендігін, тіпті, дәлелдей түседі.
Бұл кезде Д.Поляков Үндістанда кезекті «іссапарда» жүрген екен. Оны сезік тудырмай шақыртып алудың өзі үлкен операцияға жүк болады. Өйткені, Үндістанда барлау жұмыстарын «табысты» атқарып жүр делінген офицерді шақырту үшін де толымды себеп керек. Оның «көртышқан» екенін басқа түгіл, жоғарыға да әлі ашық айтылмаған ғой. Қысқасы, мәселе сол кездегі Бас штабтың бастығы маршал Николай Огарковтың алдында ғана шешіліп, ол Поляковты шақыртып алуға рұқсатын береді. Соның өзінде ол күдік алып, өзінің америкалық әріптестеріне «мені анда бауырластар зираты күтіп тұр ғой» деген екен…
Бір қызығы, Отанға оралған соң да Поляков бірден қамауға алынбайды. Ол кезде «ведомстволық намыс», «ведомстволық репутация» дегендердің қатты белең алып тұрған кезі. Әсіресе, БББ мен МҚК (КГБ) арасындағы бәсекелестік қатты. Олар бір-біріндегі «провалдарды» халыққа қуана жеткізіп, қарсыласын белден соғудың әдістерін біледі. Сондықтан, БББ өз ішіндегі былықты сыртқа шығармай бағады. Тіпті, Поляковтың жасы келіп, зейнет демалысына шығуына дейін күтеді. Өзінің аңду үстінде екенін тағылардың сезінгіштігіндей алтыншы түйсікпен аңғарған Поляков та бұл уақыттарда америкалықтармен ешқандай байланыс жасамайды. Бірақ, бәрібір оның барлық істеріне жасалған сарап тоқтаусыз жүргізіліп жатады. Ақыры, 1986 жылы барлаушылар ардагерлерімен кездесуге шақырылған кеште оны ұстайды.
Соңғы сәтке дейін опасыз өзін атпайтын шығар деген үмітте болады. Өйткені, оны қолданып, ОББ-ның өз істегендерін өздеріне істеп, жалған мәліметтермен қамтамасыз етуге болады ғой. Алайда, бұл кезде ОББ тарапы Поляковтың әшкереленгендігін сезіп қалғандығы белгілі болады. Сондықтан, опасызды әділетті жаза күтіп тұрған еді. Ол 1988 жылдың басында атылады. Бұл туралы ақпарат Кеңес Одағының баспасөзінде тек 1990 жылы ғана жарияланды.
1988 жылы М.Горбачевпен кездесуінде АҚШ президенті Р.Рейган Поляковқа кешірім беруді өтінеді. Тіпті, оны өздерінде ұсталған кеңестік бірнеше барлаушыға айырбастайық деген де ұсыныс жасалады. Бірақ, бұл уақытта Д.Поляков бұл өмірде жоқ еді, оны ату жазасы орындалып қойған. Алайда, осы бір оқиғадан АҚШ-тың өзіне қызмет еткен жандардың еңбегін ұмытпайтын адамгершілік қыры да көрініп қалады. Ал Кеңес Одағы өзі үшін қыл көпірдің үстінде жүріп қызмет еткен Рихард Зоргені құтқарып алуға саусағының ұшын да қимылдатпаған ғой. Тіпті, беті бүлк етпей оны «біздікі емес» деп те жариялаған. Тек Хрущев кездейсоқ білген соң ғана оның есімін ақтап, 1964 жылы Кеңес Одағының Батыры атағын бергізген…
Міне, мемлекеттік құпия дегеннің қиы­ны осындай үлкен істерге де соқтырады. Демо­кратиялық елдерде олардың әрекетін зерттеп, уақыты өткеннен кейін мемлекеттік құпияны сақтаған қызметтердің немесе қарсыластың қитұрқылықтарын құпия жолдармен анықтаған барлаушылардың істерін халыққа білдіріп, арнайы жазып отыратын ғалымдар мен журналистер болады. Бізде бұл іс әлі кенжелеп жатыр, бәлки уақыты келгенде қазақстандық барлаушылардың да әрекеттері туралы ашық айтатын болармыз деген үміт бар…

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.