ЖАНДОС СМАҒҰЛОВ «ТАНЫЛМАЙ ҚАЛҒАН БІР ТҰЛҒА»

26 октября 2020

ЖАНДОС ҚОЖАХМЕТҰЛЫ СМАҒҰЛОВ

Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, академик Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың «Еңбек сіңірген қызметкері».  Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының (МАИН) академигі.

 

 

 

ТАНЫЛМАЙ ҚАЛҒАН БІР ТҰЛҒА

 

«Іздеушісі мен жоқтаушысы болмаса,

алтын да жарқырамайды»

Т.Кәкішұлы

 

Туған жер тарихында белгісіз қалып, туған аудан түгілі, барша қазақ еліне еленбей қалып отырған ардақ тұтар арысымыз бар. Ол — Дінмұхаммед Сұлтанғазин. Анықтала қоймаған және екіұшты дерек бойынша, Ресейде Санкт-Петербург университетін бітірген, алғашқы ұлт баспасөзінің бірі «Дала уалаяты газетінің» редакторы болған Дінмұхаммед Сұлтанғазин ұлт азаттық көтеріліс кезінде Кенесары ханның сенімді серігі болған Құдайменде сұлтанның баласы, яғни Сұлтанғазы сұлтан ұрпақтарының бірі болса керек. Белгілі өлкетанушы Ю.Попов фольклорист ғалым Г.Потанин туралы «Последная путешествие Григория Потанина» атты тарихи танымдық мақаласында былай деп жазады: «В том, что Каркаралинский уезд действительно богат легендами Г.Н.Потанин убедился еще несколько лет назад. В 1853 году, во время поездки ученого в аул отца Чокана Валиханова – Чингиза Валиевича, расположенного в урожище, Сырымбет Кокчетавского уезда Акмолинской области, его сопроваждал юный студент Петербургского университета Д.Султангазин. Родился Султангазин на берегах реки Токрау, берущей начало в отрогах Кызыларайских гор. Молодой человек записал по просьбе Г.Н.Потанина сказки родных мест. Долгое время каркаралинские сказки Султангазина пролежали в портфеле редакции «Живая старина» и были напечатаны только в 1916 году с предисловием и подредакцией Г.Н.Потанина».

Бірақ неге екені белгісіз осы жерлесіміз туралы білетініміз аз. Дінмұхаммед Сұлтанғазиннің өмірі мен тағдыр-талайы туралы не төрелер шежірелерінде, не аудан тарихы туралы әңгімелерде мардымды ештеңе айтылмаған да жазылмаған. Ә.Бөкейханның «Таңдамалы» (1995) еңбегінде және ХV томдық шығармалар жинағындағы Ақтоғай төрелерінің ататек таратылуында да, Т.Жақсыбайұлының «Шежіресіндегі» (1999) «Ақтоғай ауданындағы Төре ұрпақтары» тарауында да Сұлтанғазы Бөкеевтен тарайтын ұрпақтар қатарында  Дінмұхаммедтің есімі ешбір жерде аталмайды. Сонымен қатар осы айтулы тұлға туралы ұлт журналистикасы тарихын зерттеушілер де тереңдеп бара алмай жүр.

Дінмұхаммед Сұлтанғазин — Ақтоғай ауданы тарихы түгіл, бүкіл ұлт тарихында елеусіз қалған ірі тұлғалардың бірі. Оның есімі мен ғұмырнамасы қазақ руханиятына сіңірген еңбегі әділетсіздікпен бұрмалана жазылып жүр. Ол – «Түркістан уалаяты» газеті редакторы болған Шаһмардан Ибрагимовтан кейін қазақтан шыққан екінші редактор. 1888-1902 жылдары шыққан «Дала уалаяты» газетін шығаруды ұйымдастырушы және алғашқы басшысы. Ол – Қарқаралы уезінің халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап-жариялаған аудан тарихынан шыққан тұңғыш фольклорист ғалым. Ол – Тоқырауын болысынан шыққан алғашқы журналист, публицист, аудармашы.

Сөзіміздің табан тірейтін тірегіне Ю.Поповтың «его сопроваждал юный студент Петербургского университета Д.Султангазин. Родился Султангазин на берегах реки Токрау, берущей начало в отрогах Кызыларайских гор» деген сөзін алдық қой. Оны бұл автор аспаннан алып отырған жоқ. Г.Н.Потанин оны «В доме последного казахского царевича» атты мақаласында тура осылайша атап тұрып жазған болатын. Негізінде Д. Сұлтанғазиннің «Дала уалаяты» газетін  редакторы болғаны туралы алғаш пікір білдірген Ақселеу Сейдімбеков болатын. Ол өзінің «Даланың ауызша тарихнамасы» еңбегінде Ақтоғай ауданын аралағанда ел ішінде атақты «жынды» Ысқақпен кездесіп бірнеше рет әңгімелескенін жазады.

Осы Ысқақ ақсақал туралы азды-көпті қалам тартушылар оның тұлғасын сайқымазақ, боғауыз адам дәрежесіне дейін төмендетіп жүргені өкінішті. Керісінше Ақтоғайлық төре тұқымдарымен бірге болған, әсіресе Дайыр төре, Смахан төрелермен бірге өткен ғұмырын, Ә.Марғұлан бастаған ғалымдар секілді тұлғалармен кездесу сәттерін  танымдық тұрғыда зерделеу назардан тыс қалды. Ысқақ ақсақалға елге журналисттік сапармен келген А.Сейдімбеков арнайы барып сәлем бере жолығып, ел-жер тарихы туралы әңгімелер сұрайды. Оның ішінде Ақтоғай төрелері туралы да білгісі келген болуы керек. Сондағы Ысқақ қарияның айтқан әңгімесін «Қазақтың бейпіл сөздері»  еңбегінде былай деп жазып қалдырыпты:

«Бес Мейрам дегенің Арғыннан тарайтын Мейрамсопының балалары. Мейрамсопыдан Болатқожа (Қаракесек), Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік деген бес бала туған. Сол бесеуінің ұрпағы Орта жүздің сүйекті руларына айналған. Бұларды шежіре тілінде «Бес Мейрам» деп жинақтап қайыра салады. Үлкен хандар жойылып, қалың қазақты Ресей үкіметі қырық жілік еткен басиесіз заманда Бөкей осы «Бес Мейрам» ұрпағына хан болған. Төрелердің арғы атасы Шыңғысхан екенін білетін боларсыңдар. Сол Шыңғыс хан ұрпағынан тарайтын Көкжал Барақтан Бөкей туады. Бөкейдің өзінен тоғыз ұл болған. Сол тоғыздың үлкені Шыңғыс деп аталған. Шыңғыстан Жамантай туады. Жамантай кезінде Алшынбай, Құнанбай, Жанақ ақын, Соқыр Шөже, Тәттімбеттермен дәмдес болған Қарқаралыда «Хан Жамантай» атанып тұрды. Бөкейдің екінші баласы – Сұлтанғазы. Сұлтанғазыдан Құдайменде мен Дайыр туады. Жаңағы мен сөз етіп отырған Дайыр осы. Құдаймендеден Дінмұхамбет туады. Бұл үлкен әкесінің атына жазылып, Дінмұхамбет Сұлтанғазин болып, кезінде «Дала уалаяты» газетін шығарған адам. Дінмұхамбеттің әкесі Құдайменде өз тұсында Кенесарымен көңілі жарасқан дос болып, көмек көрсеткен.

Бөкей ханның тағы бір баласы Батыр сұлтан болған. Батырдан Мырзатай, Рүстем деген екі ұл туған. Рүстеміне әншілік, күйшілік ақындық қонған өнерпаз адам екен. Кезінде Жанақ ақынмен айтысқа түскен. Ал Мырзатайдан Нұрмағамбет туады, одан Әлихан туады. Баяғы Алаштың туын көтерген Әлихан Бөкейханов осы. Әлиханды көрдім, мына опасыз жалғанда бір-ақ рет келетін сабаз еді ғой! Әлиханның Лиза деген қызы, Үкітай деген ұлы болды. Лизасы кезінде Смағұл Садуақасовпен отасқан. Қазір Ленинград жағында үлкен ғалым деп естимін. Ал Үкітайы болса, бертінде 1957 жылы Хакасия елінде қызметте жүріп дүние салыпты. Замана шіркін бұл тұқымның осылай тоз-тозын шығарды.

Әлихан өзінің бесінші әкесінің атын алып, Бөкейханов болған. Бөкейханның бейіті Қарағандыдан Ақмолаға қарай теміржолмен шыға шығаберісте «Хан басы» деген жерде. Бұл бұйрық дегенді қойсаңшы, сол Бөкей ханның бейітінің ішінде Орта жүзді аузына қаратқан Жанақ ақынның сүйегі жатыр. Бөкей ханның бұл төңірекке белгілі тұқымы туралы айтарым осы».

А.Сейдімбек Ысқақ ақсақалдан жазып алған осы «Дінмұхамбет Сұлтанғазин кезінде «Дала уалаяты» газетін шығарған адам» деген деректі не себептен індете іздеп, нақты дәлелдеуге ұмтылмағаны да түсінікті. Себебі кеңес дәуірінде бұл Әлихан тұлғасына байланысты жабық тақырыптардың бірі болатын-ды. Бұған қоса қазақ журналистикасының тарихын алғаш ғылыми зерттеуші Х. Бекхожин және оның зерттеулеріне сүйенген басқалар да бірінен соң бірі «Дала уалаятының газетінің» редакторы деп біздің жерлесімізден басқадай бір аттас болып келетін семейлік Дінмұхаммед Сұлтанғазинді жазып, бүкіл ғылыми ортада тұжырымдап тастады. Ол кезде оларға қарсы «бұларың қалай?» дейтін адам шықпады. Сондықтан Ақтоғайлық төрелерден шыққан Дінмұхаммед Сұлтанғазин тұлғасының ғылыми айналымдар мен тарихи деректерде неге бұрмаланып жүргенін анықтайық. Ол үшін ең әуелі «Дала уалаяты» газеті дегеніміз қандай жарияланым болғандығы туралы тоқталып кетелік. Себебі, филолог, журналист мамандар болмаса көп жұрт біле бермеуі мүмкін.

«Дала уалаятының газеті» — 1888 жылдың 1 қаңтарынан 1902 жылдың 12 сәуіріне дейінгі аралықта Омбы қаласында аптасына бір рет шығып тұрған басылым. Бұл «Акмолинские областные ведомости» атты орыс тіліндегі газеттің жергілікті халыққа арналған қосымшасы ретінде пайда болды. Оның жарыққа шығуы — 1882 жылы жер құрамына Ақмола, Семей және Жетісу облыстары кірген Дала генерал-губернаторлығының құрылуымен байланысты. Газеттің басты мақсаты — жергілікті халықты түрлі үкімет жарлықтарымен таныстырып отыру. Газеттің орыс тіліндегі редакторы ретінде И. Козлов, К.Михайлов, Г.Абаза, А. Попов, Д. Лавров деген кісілер қол қойып отырған. Қазақ тіліндегі алғашқы аталуы «Особые прибавление к Акмолинским областным ведомостям» болған. Газеттің ең бастапқыдағы редакторлары ретінде саналған және басылымның қазақшасын үзбей редакциялаған генерал-губернатор канцеляриясының аға тілмашы Ешмұхамед Абылайханов пен Дінмұхамед Сұлтанғазиндер болатын. Газеті басында көлемі 1 жарым баспа табақ болып 4 бетке басылып тұрған. 1888 жылғы 8-санынан бастап газет көлемі екі есе көбейтіліп, тұтас бір баспатабаққа жетіп, 8 бет болып шыққан. 4 беттік сандарында газет беті екі бөлікке бөлініп басылған. Сол жақтағы 1-бөлігінде араб әріптерімен жазылған қазақша мақалалар, оң жақтағы 2-бөлігінде орыс тіліндегі материалдар басылған. Ал 8 беттік нөмірлерінде алғашқы төрт беті түгел қазақша, қалған төрт беті орысша басылған.Араб қаріпімен қазақша жазылған материалдар қазақтар тек ақпарат алып қана қоймай, өз тілінде оқып, жазып, ойлай білуге де үйретті.

Ұлттық баспасөздің қарлығаштарының бірі «Дала уалаяты газетінің» дүниеге киелі қазақ халқының өткен ғасырдағы мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. Басылымдағы мәліметтер патша өкіметінің жарлықтары мен өкімдері, ресми ережелерімен бұқараны таныстырумен қатар, өңірдегі егіншілікті өркендету, отырықшылыққа көшу, ғылым жаңалықтары, дәрігерлік көмек, діни өмір салты,  мектеп ашу, қазақ тілін, әдебиетін дамыту проблемалары, ел басқару, сауда ісін жолға қою, мал тұқымдарын асылдандыру және т.б. көптеген мәселелерді қамтып тұрды. «Дала уалаяты газетінде» басты шығармаларда қазақ өмірінің барлық күрделі оқиғалары мен құбылыстары толық, тұтас қамтылмаса да, қазақ халқының тарихында болған ұлы өзгерістер, халық өмірінің жеке-жеке суреттері алғаш баспасөз бетіне түсіп, ұлт әдебиеті мен мәдениетінің негізін қаласуға көмектесті. Бұл басылған шығармалардың ішінен қазақтың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан ауыз әдебиетінің, шығыс әдебиетінің нұсқаларын және озық идеалы орыс әдебиетінің нұсқаларын көреміз, Бұл шығармалар уақытында өте маңызды болумен қатар, сол кездегі қазақ әдебиетіне жаңа ағым, жаңа түр, жанрлардың бастамасын ала келді. Мұнда қазақ өмірінің әрбір көрініс — кезеңін сол өз заманына сай бейнелеумен қатар, өмірді реалистік тұрғыдан суреттеп,ескіні сынап, жаңағабой ұру талабы да байқалады. Әрине бұлар қазақ әдебиетіндегі алғашқы қадам болғандықтан, кейбір елеулі кемшілік барына қарамастан, кейінгі әдебиетімізге игі әсерін тигізді. «Дала уалаяты газетінде» басылған көркем шығармалардың бір тобы қазақтың өз төл әдебиеті болса, енді бір тобы орыс тілінен аударылған не шығыс әдебиетінен ауысқан әдебиет үлгілер, Бұлардың бәрі мазмұн, көркемдік жағынан әр түрлі деңгейде болса да, қазақтың жазба әдебиетінің дамуына жағдай жасады. Бәрібір де цензураның қатал бақылауында болғандықтан да газеттегі қазақтардың рухани өміріне байланысты әрбір мақалада патшалық Ресейдің қазақ даласында жүргізіп отырған отарлық саясаты шеңберінде ұстанған позициясы анық айқындалып тұрғаны анық.

1894 жылы осы орыс тіліндегі «Акмолинские областные ведомости» газеті «Киргизская степная газета» деген атауға өзгерген кезде, қазақ тіліндегі қосымшасы «Дала уалаятының газеті» деген атпен шыға бастады. Оның бүкіл қазақ халқының ой-санасын оятудағы маңызы зор екенін түсінген патшалық билік ақыры оны 1902 жылы жауып, «Селскохозайственный листок» деп ел руханиятындағы ролін мүлде төмендетіп жіберді. Себебі, газет басқармасы  маңайына қазақтың еркін ойлы оқыған  азаматтарының топтаса бастауынан патша жандармериясы қатты сескенді. Оның үстіне 1905 жылғы алғашқы орыс революциясының да дүмпуі жақындап қалған еді.

Кеңес дәуіріндегі Ы.Алтынсарын туралы зерттеулерде және жоғары сынып оқулықтарында айырықша мадақтала жазылған Н. Ильминский газеттің шығуына үзілді-кесілді қарсы болған адам. Егемендікке дейін ұлы педогог «Ыбырайдың орыс досы» деп мақтап жүрген Н. Ильминскийіміз — ғұмыр бойы қазақтарды орыстандыру мен христиан дініне кіргізіп шоқындару жолында еңбек еткен миссионер, яғни, бір сөзбен айтқанда, қыр қазақтарының қас жауы. Осы Н.Ильминский «Особыеприбавление к Акмолинскимобластнымведомостям» шыққанына тура бір жыл болғанда «Акмолинские областны еведомости» газетінің жергілікті бұратана халыққа арналып қазақ тілінде шығатын қосымшасын тез арада жабу керек. Ол туземецтердің ой-санасын оятуға және оқу-білімге ұмтылуы мен өз тарихын білуге деген құлшынысын жоғарылатып бара жатыр» деп генерал-губернаторлыққа талап-арыз түсірген.

Қатаң цензура жағдайында шықса да, сол ұлтжанды журналистер патша өкіметінің отарлау саясатына наразылықты тұспалдап айта білді. Тіпті қазақтың сол кездегі алғашқы журналистерін толғандырмаған бір де бір әлеуметтік-саяси, ғылыми-мәдени мәселе болған жоқ десек, артық айтқандық болмас. Олар қазақ халқын құрып кетуден сақтайтын жолдарды іздестіре отырып, өз ұлтының отарлаушы ұлтпен тең болуын, ұлттық дәстүр мен мәдениетті, тілді сақтау жөніндегі мәселелерді көтерді. Сонымен бірге қазақтың алғашқы ағартушылары Шоқан Уәлихановтың, Абай Құнанбаевтың, Ыбырай Алтынсариннің идеялары мен ізденістеріне толы өлеңдері мен мақалаларын жариялап отырды. Әрине, ұлтжанды журналистердің мұндай «ұлтшылдығы» отаршыл әкімдерге ұнай қойған жоқ. Ақыр соңында ұлтқа қызмет еткен басылымды жауып тынды.

Ұлт тарихында осындай ерекше орын алатын «Дала уалаятының газетінің» алғашқы редакторы біздің жерлесіміз Ақтоғайлық  Дінмұхаммед Сұлтанғазин болған! Алаш ұранды бар қазақтың көсемі Ә.Бөкейханов және Алашорда үкіметіне байланысты теріс көзқарас осы бір ардақты тұлғаның тарихтан өз орнын алуға кесірін тигізді. Ол үшін бізге философиялық ұғым бойынша терісті терістеу, яғни, қатені дұрыстау керек болып тұр. Ал журналистикадағы «Дала уалаятының газетінің» тарихына арналған барша ғылыми әдебиеттерде оның алғашқы редакторы болды деп жазылатын Дінмұхаммед Сұлтанғазин мүлде басқа адам. «Бұл кім еді?» деген сұраққа «Қазақстан. Ұлттық энциклопедияда» С.Өзбекұлы деген автордың жазған мақаласы арқылы жауап берелік. Онда:

«Сұлтанғазин Дінмұхаммед (10.5. 1867- Семей қ. – 1917, Баку қ.) – қоғам қайраткері, алғашқы қазақ зиялыларының бірі. Әкесі Ғазы Болатұлы Уәли ханның Ғұбайдолла деген үлкен ұлының баласы. Сұлтанғазин әкесінің тікелей ықпалымен Томск университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. 1891 жылы Санкт-Петербург университеті шығыстану факультетінің араб, парсы, түрік, татар тілдері бөліміне ауысады. Бұл факультетті бітірген соң 1895 жылы заң факультетіне түсіп, 1897 жылы аяқтайды. 1898-1902 жылдары қазақ даласында екі тілде шығып тұрған «Дала уалаятының газетінде» редактор және аудармашы болып қызмет етеді. Сол жылдары ол екі тілге бірдей публицист, аудармашы, ақын, заң және тіл ғылымының ірі маманы ретінде танылады… Сұлтанғазин 1896 жылы Ақмола облысы Көкшетеу уезіне қазақ халқының аңыз-әңгімелерін жинауға барған Г. Потанинмен бірге жүріп аңыз-ертегілерді орысшаға аударып берген. 1910 жылдан өмірінің соңына дейін Бакудегі мұсылмандарды оқытатын діни орталықта шығыс тілдерінен сабақ берген» деген өмірбаяндық дерек берілген. (8-том. 92-бет).

Осы бойынша алып қарасақ, бірнеше бұрмаланған күмәнді пікірлерге тап боламыз. Біріншіден, автор «Әкесі Ғазы Болатұлы Уәли ханның Ғұбайдолла деген үлкен ұлының баласы» дегені шындықтың ауылынан алыс жатыр. Егер Ғұбайдолланың үлкен ұлының Ғазының баласы болса, неге Болатұлы болып тұр? Уәлиханның үлкен ұлы, Орта жүздің мұрагер сұлтаны Ғұбайдолла Уәлиханов туралы деректерде туған және қайтыс болған жылдары белгісіз деп жазылған. Шоқан Уалиханов пен Г.Н.Потаниннің жазған еңбектерінде Ғұбайдолла Уәлиханның алғашқы әйелінен, ал Шыңғыс соңғы әйелі Айғанымнан туған деп жазылғаны белгілі. Ал өмір сүрген жылдарын Ғалым Қадірәліұлы өзінің «ЖылғараБайтоқин» деген зерттеуінде: «1832-1838 жылдар аралығында Көкшетау дуанының аға сұлтаны болып Ғұбайдолла қайта сайланады. Полковник дәрежесіне дейін көтеріледі. Ғұбайдолла Уәлиханов шамамен 1777 жылы туып 1851 жылдары қайтыс болған. Ол алтын медальмен және «Аға сұлтан Ғ.Уәлиханов» деп жазылған алтын қылышпен марапатталған. Өмірінің соңғы жылдарында отырықшылыққа көшіп, Қопа көлінің маңына және Бурабайдағы Қызылағашта өзіне арнап үйлер салғызады. Бірақ, Ғұбайдолла Кенесары Қасымовтың көтерілісін қоштады деп айыпталып, Сібірге «Итжеккенге» жер аударылады, содан тек 1847 жылы ғана оралған (8 жыл жүріп), 1851 жылы ол қайтыс болады» деп нақты көрсеткен. Осыған сай алып қарасақ, 1867 жылы туған деп көрсетіліп отырған бұл семейлік Д.Сұлтанғазиннің Ғұбайдолла Уәлихановтың баласыБолаттың ұлы Ғазы сұлтаннан туғандығын шежірелік деректер растамайды.Оның Көкшетау жерінде емес, Семей қаласында тууы да күдік келтіреді.

Екіншіден, туған жылы 1867 деп тайға таңба басқандай жазылып тұр. Ал «Дала уалаятының газеті» 1888 жылы ашылды. Сонда бұл Д.Сұлтанғазин газет ашылған жылы бар-жоғы 21 жаста ғана және Томск университетінің медицина факультетінде оқуда жүр. Бұл біз жоғарыда жазған  «Газеттің ең бастапқыдағы редакторлары ретінде саналған және басылымның қазақшасын үзбей редакциялаған генерал-губернатор канцеляриясының аға тілмашы Е.Абылайханов пен Д.Сұлтанғазиндер болатын» деген сөзімізге мүлде қайшы.

Елдің бәрін шатастырыып жүрген де — екі Д. Сұлтанғазиннің Санкт-Петербургте оқуы. Ұлттық қоғамдық саяси журнал «Ақиқат» 1994 жылғы № 10 санында заң ғылымының кандидаты Сәкен Созақбаевтың «Жеті жұрттың тілін білген» деген зерттеу мақаласын «Тұлғалар тұғыры» айдарымен жариялады. Мақала семейлік Д.Сұлтанғазиннің өміріне, қызметіне арналған. Онда: «Дінмұхаммед Сұлтанғазин әкесінің ықпалымен 1890 жылы Томск университетінің медицина факультетіне оқуға түседі, бірақ оны бітірмейді. Ол Ресей халық ағарту министрі И.Д. Деляновке өтініш жазып, Томск университетінен Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетіне ауыстыруды сұрайды. Министрдің келісімімен 1891 жылы тамыз айында Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетінің араб, парсы, түрік, татар тілдері бөліміне студент болып қабылданады. 1895 жылы шығыстану факультетін бірінші дәрежелі дипломмен үздік бітіріп шығады да, сол жылы заң факультетіне түсуге өтініш береді. 1897 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітіріп, заңгер мамандығының дипломын алады: ол — екі мамандық бойынша университеттік білім алған тұңғыш қазақ, 7 тілде — араб, парсы, түрік, татар, орыс, француз, қазақ тілдерінде еркін оқыған,- деп тұрып жазылған. Сонда ол осы 7 жыл бойы оқу қуып жүргенінде «Дала уалаятының газетінің» ашылуы мен басылымның қазақшасын үзбей редакциялаған, мақалалар жазған генерал-губернатор канцеляриясының аға тілмашы Е.Абылайхановпен бірге жасалған жұмыстарға ол қай жерде жүріп үлгеріп жүр деген сұрақ ешкімді толғандырмаған.

Үшіншіден, 1891 жылы Санкт-Петербург университеті шығыстану факультетінің араб, парсы, түрік, татар тілдері бөліміне ауысып, бұл факультетті бітірген соң 1895 жылы заң факультетіне түсіп, 1897 жылы аяқтаған семейлік Д.Сұлтанғазиннің бұл жылдары  Омбы қаласында  шығып тұрған «Дала уалаятының газетінде» редактор болуы еш мүмкін емес. Оның қисыны келмейтінін білген С.Өзбекұлы «Ұлттық энциклопедияда»: «1898-1902 жылдары қазақ даласында екі тілде шығып тұрған «Дала уалаятының газетінде» редактор және аудармашы болып қызмет етеді», — деп газеттің тек соңғы төрт жылындағы кезеңді ғана еншілеп берген.

Біз «Дала уалаятының газетінің» алғашқы редакторы біздің жерлесіміз Дінмұхаммед Сұлтанғазин болған деген тұжырымды пікірді айтуды дұрыс деп санаймыз. Ол үшін әзірше  мына  төрт  дерекке ғана  сүйенеміз:

  1. Ғалым Г.Потанинннің «студент Петербургского университета Д.Султангазин. Родился Султангазин на берегах реки Токрау, берущей начало в отрогах Кызыларайских гор» деген сөзі;
  2. Ысқақ ақсақалдың «Құдаймендеден Дінмұхамбет туады. Бұл үлкен әкесінің атына жазылып, Дінмұхамбет Сұлтанғазин болып, кезінде Дала уалаяты» газетін шығарған адам» деген сөздері;
  3. Ғалым Ахмедовтың «Алаш алаш болғанда» кітабында Д.Сұлтанғазин «XIX ғасырда оқығандар» тізімінде — № 14-ші, «Егемен Қазақстан» газетінің 1998 жылғы тамыздағы санында «Ертеден ел таныған жоғары білімді қазақтар туралы» деген мақалада № 19-ші ретпен жазылған. Бірақ оның туған жері біресе Семей немесе Қарқаралы деп жазылады. Ақтоғай ауданы сол кездегі әкімшілік бөліністер бойынша Семей губерниясы, Қарқаралы уезінің құрамына кіргендігі де  осы қателесуге негіз болып жүргені анық. Ал Г.Н.Потанин нақтылап, «Тоқырауын бойында туған» деп көрсеткені даусыз шындық. Осы Ғ.Ахмедовтың «Д.Сұлтанғазин туысы Райымжан Бөкейхановтың айтуы бойынша, өмірінің соңғы жылдарында Бакуде дәрігер болып қызмет істеген. Сонда қайтыс болған. Бакуге қалай кеткені белгісіз» деп жазған пікірі де ескерусіз қалып жүр. (125 бет).
  4. Жерлесіміз Мырзахан Қалиакпардың «Азия Транзит» деген журналда жариялаған «Қазақтың тұңғыш редакторы — Дінмұхаммед Сұлтанғазин» атты мақаласының да айтары бар. ( 2003. — №9.  28-29-беттер).Кейбір өз сөзіне өзі қарсы келген даулы пікіріне қарамасақ, онда бізге керегі — «Қасиетті Ақтоғай өңіріңде, киелі Тоқырауын топырағында туған Д. Сұлтанғазин есімі зиялы, қайраткер, ұлтын, тілін сүйіп, құрметтеген білімдар болғанын ұрпақтар біліп өссе, оның халқы алдында сіңірген еңбегінен нәр алса, көп нәрсе ұтқанымыз болар еді» деген тұжырымы. Автордың жазуынша асқан білімді, ірі қоғам қайраткері, жерлесіміз Д.Сұлтанғазиннің есімі Ақтоғайдағы № 14 кәсіби-техникалық мектептегі қабырғасындағы Ақтоғай зиялыларының тізімінде жазулы тұр екен. Әрине, Ақтоғайлық та, Семейлік те Дінмұхаммед Сұлтанғазиндердің ғұмыр баяны мен тағдыр-талайы әлі де зерттеуді және дәлелдеуді қажет ететіні түсінікті.

 

 

 

 


Бөлісіңіз:


Обсуждение закрыто.

Qasym.kz - ©2011-2018; 2017 жылдың 10 наурызында ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің №16388-ИА куәлігі берілген.
Яндекс.Метрика