«Жылдың үздік ақыны» жыр мүшайрасына ұсынылған өлеңдер

IMG_5717

Мемлекет қайраткері, ұлт қорғаны Жұмабек Тәшенов жүлдесіне арналған «Жылдың үздік ақыны» облыстық жыр мүшайрасына қатысқан жас ақындардың өлеңдерін  ұсынып отырмыз. Қабыл алыңыздар.

Жәлел ШАЛҚАР. МЕН БІЛМЕЙМІН

Мен білмеймін,
Кім дейтінін мендейді.
Менің мұңым көп жараны емдейді.
Адамдардын жамандығын көрсем де,
Жақсылықтан үміт үзгім келмейді.
Аспан маған шуақ, нұрын төгеді,
Ал жер анам табанымды өбеді.
Күллі ғалам маған қабақ түйсе де,
Мен бәріне құшақ жайғым келеді.
Досым-дағы, дұшпаным да жоқ менің,
Қыс тоңдырса жылытады көктемім.
Арысам да азған жоқпын арымнан,
Көктесем де пейіліммен көктедім.
Қаламымды тұсамақ боп кіл ерен,
Қаншама рет түйсігіме түнеген.
Маңдайыма егер тағдыр жазбаса,
Осы өлеңді жазбай тыныш жүрер ем.
Белестерге бастап барар нұр таңым,
Қалай бармын солай ғана жортамын.
Сүрлеуімнен жаңылмасым белгілі,
Жүрегімді кірлетуден қорқамын.

Гүлсара ШАЛҚАР. ҰЛТ

(Қырғыз елінің жігітіне  арналған ақ өлең)
 
…Жақсы қызды жар еткіңіз келеді.
Еліңізге келін болман, себебі:
Том-тарихты ақтарғанда болашақ
Қазақ болып қалу керек дерегім.
 
Бастарында болғаннан соң бостандық,
Қаншама қыз «өзге» жастық жастанды.
Ел болмайтын «жиендерді» көбейтіп,
Қазағыма жасамаймын қастандық…
 
Зор білекті батыр тусам, қайтемін?
Жар астында жасырынған «жау» болар.
Дүр жүректі хакім тусам, қайтемін?
Ел арасын алшақтатар дау болар.
 
Өте білгір әкім тусам, қайтемін?
Қарашадан дара шығып хан болар.
Өткір тілді ақын тусам, қайтемін?
Тамырыма тартып текті жан болар.
 
Жез таңдайлы әнші тусам, қайтемін?
Өнер шіркін өзге ұлтқа жолданар.
Шеберленген күйші тусам, қайтемін?
Сатқындықтың сорақысы сол болар.
 
Ұрпағымды сүйгенмен,
Ұлтым үшін күйгенде,
Белгілі ғой жұлдызымның жанбасы.
Әйел-ердің қабырғасы білгенге,
Бір қазағым «қабырғасыз» қалмасын.
Үрдің қызы күтіп жүр-ау Сізді де
«Қабырғаңыз» болғасын.
 
Достық туын желбіретсек…
Достық сөзі − киелі!
(Адал дос деп сізге басты иемін).
…Өзге ұлтта алынбаған өшім жоқ,
Өз ұлтымды өзгешелеу сүйемін.
Сондықтанда, қазақ болсын күйеуім!

Мақсат КҮЗЕМХАНОВ. ТӨРЕ

(Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 
рухына)
Ұлы арман артқан ұлыс ұлдары — 
Жарқ еткен ұшқын қылышымдағы.
Шаң басты жауын, алмасты қауым.
Дәуірдің мүлгіп тыныш ырғағы.
Елдің де келді ертеңі жылап,
Шер-мұңын бұлттар шертеді ыдырап.
Уақыт толқыны жағаға әкелді,
Жеті ғасырдың желкені құлап.
Сүбедэй нойон түсіме кірді,
Сұрқы суық-ақ, түсі де мұңлы.
Жорыққа тағы жори салып ем,
Кісенге қимай кісі көңілді.
Тарихты жазып көнеден күй қып,
Туды да қадап, төбелерді үйдік.
Төрімді таптап бір заман келді,
Теріс айналып Төреден билік.
Төреден тақ та теріс бұрылып,
Тектінің көбі тегіс қырылып.
Жапаннан жылап киемді іздедім,
Бөрімен сосын көрістім ұлып.
Алтын орданың алтын дәуірі,
Алпыс оғланның алқынған үні.
Ақ бұлдыр болып сағымға айналды,
Дештінің сыздап салқын бауыры.
Тегеурінді боп тегінде туған,
Шеңберін қорғап шебінде тынған.
Төренің тағы Төрешоқыдай,
Төрт құбыланың төрінде тұрған.
Ғайыптан қайттық ғасыр алмасып,
Бәсіре күннің бәсі жалғасып.
Ұлыс басынан бақ таймақ түгіл,
Денелер кетті басынан қашып.
Жатпен көрші боп жақындығы жоқ,
Баудай түсірді батырды бір оқ.
Алтын күн сүйген алтын әулеттің,
Әлихан туды ақырғы үні боп.
Тәңірден ғана аласа тағы,
Қанына тартқан қараша ханы.
Әлихан әке қазақтың сенсің,
Иығында қалған қара шапаны.
Асыл сүйектен жаралған бегім,
Алқынып аққан ақ арнам ба едің?
Арыстан жалды арыстарымның,
Кеудемде қайтем қадалған кегін?
Асқардан биік Алаш арманы,
Аспаннан төмен аласармады.
Ақырған заман арнаны бұзды,
Жапырған өзен жар аса алмады…

Айзада САДВАКАСОВА. СЫР

Көзқарас та, сөз талас та өзгерген,
Үміт емес, күдік көрем көздерден.
Бала шақта болашаққа көз тігіп,
Өзгермеймін-деп, несіне сөз бергем?!
Өзгердім ғой, бұрынғыдай емеспін,
Мені енді суыққанды демес кім?
Өзім сонша жек көретін өмірде,
Өзімшілдер қатарымен теңестім.
Балалық кез… достар үшін жылағам,
Өмір заңы сол кезден-ақ сынаған.
Менің сонда тым кіршіксіз жанымды,
Түсінбепті, үлкен-кіші бір адам…
Өмір, сенің ойындарың күлкілі,
Ойлап тапқан тағдыр дейтін түлкіні.
Татулыққа шақыра алмай достарды,
Тас көңіл боп кеткем солай бір күні.
Балалықты даналықпен өбектеп,
Қарттар көрсем демесуші ем көмек деп.
Анам менің құюшы еді санама,
Үлкендерден бата алу керек деп…
Шулы дүние шырмауында жүрдік те,
Дәл осылай болатынын білдік пе?
Қарт атаның жолын кестік аңдамай,
Қала дейтін тым қарбалас тірлікте.
…Сол қария кейіп жатты өкпелі,
Дұрыс шығар оның бізді сөккені.
Қырсық атқыр, кең шаһарлы қалада,
Бізге басқа өтетін жол жоқ па еді?!
Содан бері, аңғалдықтан жирендім,
Содан бері, жұбатпауды үйрендім.
Әйтпесе мен, дәл сендей боп сіңілім,
Дәл сендей боп адамдарды сүйгенмін!…

Айзада РАХЫМЖАНОВА. ТҮС

Ұйықтағым келмейді!
Түсімде ылғи түн перісі тергейді.
«Қасыңдағы көркем жігіт не керек?
Оны бізге бер!» дейді.
Сосын сені суырып ап қойнымнан,
Аймалайды, иіскейді мойныңнан.
Перілерден айтшы қалай құтылам?
Түсіме ылғи кіріп алып той қылған?
Сөйлеу түгіл, қозғалуым қиын-ақ,
Ару пері қасы-көзін қиып-ап,
Алдыңа кеп билейді шыр айнала,
Менің қызыл көйлегімді киіп ап.
Ұнайды екен саған да бұл серілік,
Мені ұмыттың, әлгілермен желігіп.
Перілердің бірі арқаңды уқалап,
Бірі жатыр төсегімде керіліп.
Менің әтір, бояуымды жағып-ап,
Сені мәз ғып, таңға дейін қағынад,
Сосын…
Сосын кетеді ұшып шалғайға,
Арқасына қанаттарын тағып-ап.
Ояна сап ағыл-тегіл терлеймін,
Ашуланып: «Бар, жуынып кел!» деймін.
Перілерің бүгін түнде келмесін,
Хабардар ет, сені мүлде бермеймін.
Мейлі көктем келсін қайта, күз өтіп,
Ұйықтамаймын, әуреленбе түзетіп,
Өңімде алып кетпес үшін перілер,
Отырамын түні бойы күзетіп.

Еркебұлан ЕЛЕУСІЗҰЛЫ. Бозторғай

(Төлеген Айбергеновке)

Торғай өлең шырылдап бара жатты,
Ауызында ажал дейтін сұрапылдың.
Мұқағали Мақатаев

Бозторғай…
Шырылдайсың шыңға қарай,
Болдың ба,сен де мендей мұңға малай?
Сенің осы шырылың зарлауың ба?
Бір күні мен де шөгем құмға қарай.

Бір күні мен де кетем қыр басына,
Құс-қаламды қалдырып бір досыма.
Құс қанатын қалдырып құрдасыма,
Бір күні мен де шығам қыр басына.

Қанатыңның бер маған қауырсынын,
Көтере алмай келемін ауыр сынды.
Желмен ұшып өзіңе жетейін мен,
Мына жерде төзім де таусылды

Граммынан қалмады төзім деген,
Бірге кеткім келеді өзіңменен.
Жүрегімді таптады бәрі келіп,
Жүрексініп жүргенде кезінде мен.

Мен түнектің енемін құшағына,
Сен бұлттардың енесің құшағына.
Ерте кеткен ақындар құсқа айналып,
Заңғарларды қалдырып ұшады ма?

Бәрі келіп басады жайымды асқақ,
Мені тірі қалдырған байырғы аспап.
Сол сенің қауырсының болмағанда,
Ақ киімге кетер ем айырбастап.

Перизат ЖАҢҒЫЛЫШБАЕВА. «МҰҚАНОВ КӨШЕСІ…»

Сізге ғана ұнамайтын көшемен,
Сан сүрініп, сан жыладым неше мен?
Сіз есіме ораласыз қайтадан… 
«Жазшы» сосын «оқып берші», десе өлең !

Сол көшемен өтіп барам кештетіп,
Бақытым да ерте келген, кеш кетіп,
Сол көшемен, сіз жайында болып тұр.
Басқа ештеңе орала алмай еске түк!

Деді өлең, менде көндім үнсіз қап.
Жүрегім де өз білгенің жүр тыңдап!
Бәрі әдемі көрініп тұр тым, неге?
Сіз де әйбат, қарда әсем, үнсіз бақ!

Сол көшенің тағы өттім жолынан,
Өлеңге еріп жүріп келем сонынан.
Сүйкімсіз боп көрінеді бұл көше,
Бәлкім ұстай алмаған соң қолынан!

Өлеңді оқып, әнді де  айтып тұр көше,
Ақындардың көшесі еді бұл десе-
Қайта есіме оралдыңыз сіз тағы
Бұл ғаламнан биік көрген күнді есе!

Солай өтті бұл көшеде ақындар,
Сіз деп өлең оқыдым мен… Хақым бар!
Мен емес бұл қаламым ед тербелген,
Оқып алып, жыртпаңыз тек хатымды әр!

Абай ОРАЗ. ЖЫЛҚЫ ЖАЙЛЫ ЖЫР

Күйзелем болмаған соң жарам жеңіл,
Сондықтан қамығады шабан көңіл.
Мен едім шардараны шаңға көмген,
Шабдар тай тақымдаған шабандоз ұл.

Сүрініп боз жусанға боз даланың,
Естимін құлынымның боздағы әнін.
Талай жұрт тамда отырып тіксінеді,
Түсінбей бұ тірлігін бозбаланың.

Бозарса құланиек құла қырда,
Желиді жарау аттай күн адырға.
Арда емген арғымақтың суат жақтан,
Дүбірі ойнақ салды құлағымда.

Өтімді тілгендей боп түн самалы,
Өңешті қамыққан жыр тұмшалады.
Құзғындар қалықтаса құла дүзде,
Жылқылар иесіне мұң шағады.

Қомдаса қос қанатын бала қыран,
Шал-уақыт күй төгеді шанағынан.
Ағады еріксізден бұла жасым,
Жеткенде қарақшыға қара құнан.

Жыққанда жорға-жалған сан жылаппын,
Қарманып қара ағашты қарғымақпын.
Қамыға өмірменен күресемін,
Жалына жармасқандай арғымақтың.

Тісімді батыра алмай боз қоғамға,
Ботадай зарығамын боз далаңда.
Қамшымды басар едім әлі талай,
«Тебінгі тер шірімей» тозбағанда.

Тай міндім. Шабандозбын. Жылқышымын.
Түйгендей торығамын жылқы сырын.
Жырыңды жатқа оқышы жылқы жайлы,
Баласы кезіккенде жылқышының.

2 мысли о “«Жылдың үздік ақыны» жыр мүшайрасына ұсынылған өлеңдер

  1. …Өзге ұлтта алынбаған өшім жоқ,
    Өз ұлтымды өзгешелеу сүйемін.
    Сондықтанда, қазақ болсын күйеуім!- бәрекелді. Барлық қазақтың қызы осылай ойласағой. Керемет

  2. Мирас пен Жанатта избасар калмапты. Жони дурыс, канаты карымды…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.